Алматы облысында қанша бала өгей әкесімен бірге тұрады?

Алматы облысында қанша бала өгей әкесімен бірге тұрады?
Фото: Almaty.tv

Алматы облысында 5154 бала өгей әкесімен тұрады. Бұл тіркеуде балаға қысым көрсетіп, оғаш қылықтары үшін жауапқа тартылған әкелер де бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Сала мамандары "қаршадайынан қысым көріп, қалам ұстамай жатып жәбірленіп жатқан жасөспірімдердің дені өгей әкемен тұрады" дейді. Сондықтан жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орган өкілдері тізім бойынша тексеріс жасады. Мәселен мына отбасыдағы ойын баласын оқытып отырған әжесі болғанымен, балалар өгей әкесімен бірге тұрады.

"Екі балаң бақытты болуы керек, оларды қалай тәрбиелеймін? Осы сұрақ мен үшін маңызды болды. Өз әкесіндей бола алмаса да, тырысамын деп уәде берді. Жақсы, шүкір!" – деді көпбалалы ана Жәмилә Ысназарова.

"Өгей әкемен бірге тұратын балалардың мінез-құлқында міндетті түрде өзгеріс болады. Көбінесе қыз бала ашылып ештеңе айта алмайды. Өйткені қыз бала әкеге жақын, еркелеп өседі", – деді психолог Балжан Мәлік.

Тексеру тобы тізімдеген келесі отбасында бала құқығы бұзылып, іс тіпті сотқа жеткен.  Қазір ата-анасы жауапсыздығы үшін сынақ мерзімінде.Ал аудандағы білім ордасында да сәтсіз отбасылардың тізімі алынып, ұстаздар қадағалап отырады.  Мектепте бала буллинге ұшырамас үшін қатаң тәртіп сақталады.

"Өгей әке –қоғамдағы өзекті мәселе. Мектепте 45 оқушы оқиды. Олар өгей әке-шешемен тұрады. Ата-аналарымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Тоқсанында бір,жылына төрт рет рейд ұйымдастырылып, мектеп ішінде де бақылап отырамыз", – деді № 4 орта мектептің директорының міндетін атқарушы Ләззат Орманбаева.

Ал Алматы облысының прокуратурасы 8 айдың ішінде 910 отбасыға мониторинг жүргізіп, бір айда 116 жанұяға бас сұғыпты. Күнтізбедегі міндет – бала басының амандығы деп отыр

"Бұл отбасында өгей әкемен 2-3 бала тұрады. Баланың тұйықтық мінезі анықталды. Іле ауданында 4248 отбасы сәтсіз", – деді Іле аудандық прокуратурасының аға прокуроры Динара Шукеева

Айта кетейік, 8 ай бұрын бір үйдің екі баласы, және азаматтық некедегі жұбайын өлтіріп артынша қылмысын жасыру үшін үйді өртеп қашқан қаскөйдің ісі Іле ауданында болған. Қара халықтың қорқынышты түсіне айналған қылмыскерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал ата-аналар бала қауіпсіздігі үшін тексеріс жұмыстарының жиі жүргізілгенін қолдайды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек