Қазақстанда уақыт белдеуі қайта өзгере ме? Вице-премьер жауап берді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы уақыт белдеуін қайтадан өзгертуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) өткен еді. 

Мәжілістің жалпы отырысында вице-премьерге уақыт бөлдеуін қайтадан өзгертуге қатысты сұрақ қойылды.

"Қазақстанда уақыт белдеуін қайтадан өзгертуге қатысты петиция 45 мыңнан аса дауыс жинады. Егер оған дауыс берген адамдардың саны 50 мыңнан аса, уақыт белдеуі қайтадан өзгеруі мүмкін бе?", - деді БАҚ өкілі.

Серік Жұманғарин петиция қашан қаралатынын түсіндірді.

"Петиция 50 мың дауыс жинаған кезде біз (Үкіметте) арнайы жұмыс тобын құрамыз. Мәселені мемлекеттік органдармен, сарапшылармен бірлесіп қарастырамыз. Сондықтан петицияның 50 мың дауыс жинағанын күтейік. Содан кейін жұмысты бастаймыз", - деді үкімет басшысының орынбасары.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз