Алматылықтар жеке көліктерін тастап, автобусқа отыруға дайын ба?

Алматыдағы қоғамдық көлікке қатысты мәселе күн сайын шиеленісіп барады. Тұрғындарды автобустардың шектен тыс толуы, ұзақ күту өз алдына, жеке көліктердің көбеюі алаңдатып отыр. Сөздерінше, бұл өз кезегінде жол-көлік инфрақұрылымына ғана емес, экологияға да салмақ салады. Мәселені шешу үшін қала билігі құны 2,8-ден 4 трлн тұратын "Көлік қаңқасын" енгізбек. Жоба қозғалыстың орташа жылдамдығын 60%-ға арттыруы тиіс. Яғни, адамдар жеке көліктерін тастап, автобуспен қатынауы керек. Ірі мегаполис тұрғындары өзгерістерге дайын ба? Өзге мемлекетттер Car-free саясатын қалай дамытып жатыр?

Жаңа жоба әзірленгенде автожолдардың жүктелуі мен жолаушылар ағынына баса назар аударылды. Мәселен, ең көп сұранысқа ие – Первомайский және Ташкент жолы – күн сайын 50 мыңға жуық, ал Іле мен Алатау тас жолы – 8-ден 16 мыңға дейін көлік өткізеді. Бұл ретте қалаға кіретін жеңіл көліктің үлесі шамамен 90%, автобустар 2%-ды құрайды.

"Қоғамдық көліктің қаңқасы" қала тұрғындарының аялдамаларға ыңғайлы, әрі тез жетуін, қоғамдық көлікте жылдам ауысуын, кесте мен экологияның сақталуын қамтамасыз етеді. Алматы қаласының билік өкілдері бұндай көрсеткішке, небәрі 6 жылдың ішінде қол жеткізбек. Тіпті, бәрі ойдағыдай жасалса, автобуспен қатынайтындар қарасы, жеке көлікпен жүретіндерден асып түсуі тиіс.

Алматы аялдамалары қалай өзгереді? 

Қалай болғанда да, жоба жоспары дайын. Оған сәйкес, Сейфуллин бойымен жүріп жатқан автобустар жер асты тоннельден жоғарыға шығарылып, қозғалысты реттейтін жол қиылысы мен аялдама салынады. Ал Райымбек-Момышұлы көшелерінде жаяу жүргіншілер көпірлері мен жол айрығы арқылы өткелдерге апаратын баспалдақтар құрылады. Сол арқылы аялдамаларға деген қолжетімділік артуы тиіс. Бұдан бөлек, халықтың жүріп-тұруын жақсарту үшін тағы төрт бағыт: Жандосов – Сәтбаев, Сейфуллин – Райымбек, Назарбаев – Әл-Фараби және Достық – Әл-Фараби бойынша аялдамалардың орналасуы өзгертіледі.

Жеке көлікті тастап, не үшін автобусқа отыруымыз керек?

Соңғы жылдары Лондон, Париж, Сеул сияқты әлемнің басқа қалаларында Car-free саясаты қарқынды дамуда. Урбанистер көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту және автобустарға деген сұранысты арттыру үшін қала орталықтарында тыйым салудың әртүрлі нұсқалары ұсынылуда. Мәселен, кептеліс уақытында газ қалдықтарының нормаларын бұзатын көлік иелеріне айыппұл салынады. Сонымен қатар, мемлекеттік нөмерлері оң және тақ сандардан тұратын автомобиль иелеріне белгілі бір күндері жүруге рұқсат етілген.

Дегенмен жеке темір тұлпарларынан бас тартып, автобусқа "отыра қалатын" алматылықтардың қатары бірен-саран. Ол түсінікті де. Несиеге рәсімделген көлік иелері қазір адамдарды тасып, нан тауып жатқандарын айтады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!