"Ес-түссіз жатты, ерні көгерген". Алматы облысында он жастағы мектеп оқушысы жұмбақ жағдайда көз жұмды

Алматы іргесіндегі Қошмамбет ауылының он жасар оқушысы мектепте көз жұмды. Ешқашан ауырмаған, созылмалы сырқаты жоқ жасөспірімнің неден қайтыс болғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Аяқасты "ішім ауырды" деген қыз сәлден кейін есін жоғалтып, бір сағатқа жетпей жан тапсырған. Ал мектеп ұжымы мен жедел жәрдем өкілдері бірін-бірі айыптап әлек. Қан жұтып, қара жамылған отбасы әділдікті кімнен сұрарын білмей, "Көреміз" бағдарламасына келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мөлдірдің әжесі Гүлбахар Далдабайқызы кінәлілер жазаланғанын қалайды.

"2 мамырда 10-ға толатын еді. Бірінші ұлымның қызы ғой. Ата-анасы ажырасып кеткен. 1,5 жастан бері менің қолымда. Анасын білмейтін, мені "мама" дейтін. Бұл оқиға 23 сәуірде болды. Таңғы 7-де мектепке баратын автобуспен шығып кетті. Содан кейін шаруаларыммен Ұзынағашқа кеткенмін. Сағат 11:10-да сынып жетекшісі Айгерім хабарласып, "тез жетуіңіз керек, Мөлдірдің талма ауруы ұстап жатыр" деді. Осы уақытқа дейін ешқандай аурумен ауырмаған. Жолда келе жатып, 11-сыныпта сол мектепте оқитын қызым Жұлдызға хабарластым. Бірақ ол телефонын алмады. Сосын қызымның сынып жетекшісіне хабарласып, "қызымды Мөлдірдің сыныбына жібер, ауырып жатыр екен" дедім. Қызым барса, мұғалімдері оны ішке кіргізбепті. Қайта кірген кезде қызым көзін ашып қараса, қимылсыз екен. Сосын мұғалімдердің бірі "үлкен дәретін сүртіп алсын" деген. "Жоқ, өзіміз сүртеміз" деп екіншісі қызымды шығарып жіберген. Біздің мақсатымыз - қызымыздың өліміне кінәлілер жазаланса екен. Басқа ештеңе керек емес", - деді ол.

Мөлдірдің әпкесі Жұлдыз Қожадинова сіңлісінің еш қимылсыз жатқанын көрген.

"Оң жақ қырынан жатқызып қойған. Аузынан көбік ағып жатыр. Астына қоқыс жәшігін қойған. Соған көбігін ағызып қойған аузынан. Қасында 6-7 мұғалімдей болды. Сосын медбике болды. Сіңлімнің денесі қимылдамайды. Қорқып кетіп, қасына бардым да "Мөлдір, тұршы, сенің Жұлдыз тәтең келді" дедім. Сосын көзін аштым. Көзі қимылдамады",- деді ол.

Марқұм Мөлдір бұрын ешқандай аурумен тіркеуде тұрмаған, қауіпті дертке шалдықпаған.

"Біз әкімшіліктен түлектерге арналған фотоальбомға түсуге рұқсат алдық. Фотограф келген кезде Мөлдір 11:03-те жеке өзі суретке түседі. 3 минуттан соң мені қайта түртіп, "апай, ішім ауырып тұр" деп қисайып қалды. Фотограф "апай, мына қыздың денесі құрысып жатыр, медбикені шақырып келіңізші" деді. Медбике келді де ауыз қуысын бинтпен сүртіп алды. Келесі бос кабинетке ауыстырдық та, киімін, шашын бәрін ағытып тастадық. "Мама" деп медбикенің қолын ұстағанын көрдім. 11:08-де Жедел жәрдем шақырдым. Олар жарты сағаттан аса уақытта, 11:41-де келді. Жедел жәрдем келгенде Мөлдірдің тамырын таба алмады. Сосын "кислородқа саламыз" деп төменге алып кетті", - деді сынып жетекшісі Айгерім Амалбек.

Алматы облысы бойынша жедел-жәрдем басқармасының медициналық сұрақтар бойынша директорының орынбасары Алмас Құтпанбаевтың айтуынша, қызметкерлер барған кезде балада тіршілік белгісі болмаған.

"Пульс анықталмаған. Мұрын-ауыз үшбұрышы көгерген, көзінің қарашығы барынша ұлғайған. Ес-түсі, тыныс алуы болмаған. Балада ешқандай тірі белгілер болмаған", - деді ол. 

Қазіргі таңда кәмелетке толмаған қыз баланың қайтыс болу дерегі бойынша Қарасай аудандық полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

"Қылмыстық іс бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі. Бұл қылмыстық іс менің жеке бақылауымда", - деді Қарасай аудандың полиция бөлімінің басшысы Елзат Қанатұлы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!