"9-сыныпта сезімін білдірген". Мүмкіндігі шектеулі жас жұбайдың тойы көптің сүйіспеншілігін туғызды

Мүмкіндігі шектеулі қыз бен жігіттің үйлену тойынан түсірілген видеолар әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің сүйіспеншілігін туғызды. Жас жұбайлар Massaget.kz тілшісі арнайы сұхбат берді.

Оңтүстікқазақстандық Бекжан Усманов пен Асылзада Пакисбаева Шымкенттегі мектеп-интернатта қатар оқыған. Партадан басталған махаббат алауы арада он жылдан астам уақыт өткенде қайта тұтанатынын екеуі де сезбеген сияқты.

"Негізі 9 сыныпта оқып жүргенде сезімін білдірген. Бірақ құр сөз ретінде қабылдадым. Ол Жетісайдікі болатын. "Ауылда тұрмаймын, ыңғайлы жағдай жасалмаған" деп жолатқым келмеді. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін де телефон арқылы хабарласып, сөйлесіп жүрдік. Бірде курортқа жол түсіп, екеуміз сонда кездестік. Жақында шаңырақ көтердік, дүрілдетіп той жасадық", - деді Асылзада Пакисбаева.

Кейіпкеріміздің екеуі де – І топ мүгедегі. Асылзадаға ауру дүниеге келгеннен жабысқан екен. 14-15 жасқа дейін мүгедектер арбасында отырған. Жүйелі ем-шараның нәтижесінде ғана балдақпен жүре алатын жағдайға жеткен. 5 ағайынды, отбасындағы кенжесі. Жолдасы да туғаннан арбада.

"Ол кісінің қарапайымдылығы ұнайды. Айтып қана қоя салмайды. Істің адамы", - деді жұбайы.

Өзі екі мамандықты игерген. Бірі тігіншілік болса, екіншісі – операторлық. Дүкен кәсібімен айналысқан. Қолөнерге де икемі бар. Моншақтан көздің жауын алатын дүниелер тоқиды.

Жолдасы екеуінің де мүмкіндігі шектеулі екеніне байланысты қорқыныш, қобалжу болмағанын, қандай жағдайда да бір-біріне қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

Назерке САНИЯЗОВА

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!