"Неге еліміздегі жалғыз балалар арнасын тек әйелдер басқарған?" Тележүргізуші "Балапан" арнасының басшылығын сынап тастады

"Неге еліміздегі жалғыз балалар арнасын тек әйелдер басқарған?" Тележүргізуші "Балапан" арнасының басшылығын  сынап тастады
Фото: Әлеуметтік желіден

Танымал тележүргізуші Данияр Есен әлеуметтік желідегі парақшасында "Балапан" телеарнасына әйелдердің басшы болуына қатысты пікірін білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша,"Балапан" арнасын осы уақытқа дейін тек қыз-келіншектер басқарған.

"Жанар Шәмел, Ләйла Сұлтанқызы, Мақпал Жұмабай, Қымбат Досжан, Индира Тұрсынбай. Әрине, әрқайсысының өз орны бар. Бірақ, неге еліміздегі жалғыз балалар арнасын тек әйелдер басқарған? Сонда ер азаматтардың бала тәрбиесіне қатысы жоқ па? Онсыз да білім саласында - әйелдер, бала жүрген жердің бәрінде - әйел. Бала тәрбиесіне жауапты болып, отбасын сүттей ұйытып отырған қаншама Әке, еркек бар. Бала тәрбиесіне тек әйел ғана емес, Әке де жауапты", - деп жазды ол.

Сондай-ақ, тележүргізуші балалар мен жасөспірімдер тақырыбында жазып жүргеніме жеті жылдан асқанын да атап өтті.

"Бұл туралы Инстаграмдағы оқырмандарым жақсы біледі. Тіпті, біреулер маған "қазақтың Шалва Аманашвилиі" деп ат қойып алыпты. Мақтанғаным емес, бала тәрбиесіне атсалысып жүрген аз ғана Әкенің бірімін. "Әкелер Одағы" төрағасының орынбасары болдым. Баланың тілін мен сияқты түсінетін Әке аз. "Балапан" телеарнасын басқаруға менің қабілетім де, білімім де жетеді. "Қазақстан" телерадиокорпорациясына бөтен емеспін. 20 жылым осы корпорацияда өтті. Осы уақытқа дейін басшылық қызметтерге менің кандидатурам қаралғанда, "Даниярдың мінезі жұмсақ" деп айтады екен. Мәселе жұмсақтықта емес, біліктілікте деп білемін. Оның үстіне, агрессия қаптаған біздің қоғамда жетіспей тұрғаны - сол гуманизм мен кәсібилік емес пе? Идея көп. Нағыз тау қопаратын жастамын. Керемет контент ұсынар едім", - деп жазды ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы