"Цифрлы Қазақстан": қомақты қаражатты жымқырған басшылар сотталды

Елімізде "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында 105 миллион теңге жымқырған басшылар сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА-ға сілтеме жасап,

"Мәдениет және спорт министрлігі мұрағат Істері және құжаттама комитеті төрағасының орынбасары, IT-компанияның директоры "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында ақпараттық жүйені әзірлеуге бөлінген 105 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін сотталды", - деп жазылған хабарламада.

Қаражатты жымқыру "құжаттардың бірыңғай электрон мұрағаты" ақпараттық жүйесін техникалық сүйемелдеуге бюджет ақшасын бөлу және аудару арқылы, компьютерлік технология саласындағы терминологияны қолданып, орындалған жұмысқа қайта қосу арқылы жүзеге асырылғандығы анықталды.

"Мұнда техникалық тапсырманы мердігердің өзі әзірлеп, пайдалануға енгізді және кепілді техникалық сүйемелдеу бойынша міндеттемені қабылдады. Алайда комитет басшылығы орындалған жұмысқа бюджет қаражатын бөліп, оны орындалған жұмыстардың жалған актілері бойынша ақпараттық жүйенің әзірлеушісіне қайта аударған. Ұрланған ақша қаражаты қылмыстық шығу тегін жасыру және заңды айналымға енгізу үшін сенімді тұлғаларға рәсімделген қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.

Сот үкімімен сотталушылардан келтірілген залал сомасы өндіріліп, әрқайсысына 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Бұрынғы мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына және мемлекеттік наградалардан айырылды, ал мердігер компанияның басшысы 7 жылға коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", - деп жазылған хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!