Күнге аллергия: кімдерге және не үшін шығады?

Күн сәулесі көңіл күйді көтереді және хал-жағдайды жақсартады, D дәруменінің бөлінуіне ықпал етеді, зат алмасуды жылдамдатады және иммунды жүйеге жағымды әсер етеді. Алайда кей адамдар күннің астында жүрсе және күннен қорғайтын крем қолданса да, бетіне немесе денесіне аллергия шығып кеткенін байқайды. Не үшін күнге аллергия пайда болады? Massaget.kz күнге аллергияның белгілері мен оның алдын алу шараларын ұсынады.

Күнге аллергия деген не?

Күнге аллергия (фотодерматит, фотодерматоз) - терінің ультракүлгін сәулелерге жоғары сезімталдығынан пайда болатын ауру. Мұндай аллергия кезінде әдетте күннің астында бірнеше сағат болғанның өзінде теріге бөртпе шығып кетеді және ол қышиды.

Күн сәулесіне сезімталдықтың дамуы әдетте жасөспірім кезеңінде пайда болып, бірақ кейін жыл сайын теріге бөртпе шығып кетуі мүмкін. Әдетте симптомдар ультракүлгін сәулеленуді әсерітоқтағаннан кейін бір-екі апта ішінде өздігінен жоғалады, бірақ кейбір жағдайларда ол арнайы емді қажет етуі мүмкін.

Әдетте күнге аллергия жаздың басы мен ортасында пайда болады. Ал иммунды жүйе күнге бейімделе бастағанда симптомдар жоғалады. 

Не үшін күнге аллергия пайда болады?

Күнге аллергияның себебі әлі күнге дейін белгісіз. Әдетте ол фотосезімталдығы бар адамдарда пайда болады, яғни бұл терінің ультракүлгін сәулеленуге реакциясы жоғары деген сөз.

Ультракүлгін сәулелену - бұл күн сәулесінің толқын ұзындығы, ол адам көзімен қабылдау үшін тым қысқа. Жерге дейін жететін және теріге зиянды ультракүлгін сәулелер толқын ұзындығы бойынша екі түрге бөлінеді — А ультракүлгіні (UVA) және В ультракүлгіні (UVB).

Жарыққа сезімталдығы бар адам күннен қорғайтын құрал қолданғанның өзінде ультракүлгін сәулеленудің екі түріне де әсер береді.

Фотоаллергиялық реакция кез-келген адамда пайда болуы мүмкін, бірақ соған қарамастан ғалымдар оның пайда болу ықтималдығын арттыратын бірнеше факторларды анықтады: 

  1. Аутоиммунды аурулар;
  2. Эндокринді жүйе жұмысының бұзылуы;
  3. Кей дәрілерді ұзақ уақыт бойы ішу;
  4. Зат алмасудың бұзылуы;
  5. Пигментті алмасудың бұзылуы;
  6. Дәрумендер жетіспеушілігі;
  7. Генетикалық бейімділік немесе гендер мутациясы;

Күнге аллергия жиі мына топтағы адамдарға шығады:

  • Күн сәулесіне оңай күйіп кететін ақшыл терісі бар адамдар;
  • Терісі өте жұқа адамдар:
  • Балалар;
  • Жүкті әйелдер;
  • Жақын туысы осындай аллергия түрімен қиналатын адамдар;
  • Дерматиттің түрлерімен қиналатын адамдар;
  • Солярийге көп баратын адамдар;
  • Жақында пилинг немесе татуаж жасаған адамдар;
  • Косметика және парфюмерияны белсенді қолданатын адамдар.

Күнге аллергияның белгілері қандай?

  • Терінің қышуы;
  • Күннің астында жүргеннен кейін бірнеше сағат (көбінесе 18-24 сағаттан кейін) немесе күннен кейін пайда болатын дақтар, папула (іріңсіз бөртпе) немесе көпіршіктердің пайда болуы. Әдетте олар дененің ашық жерлеріне, мысалы, кеуде тұсы, иық, қол және аяққа шығады;
  • Сирек жағдайларда қалтырау, әлсіздік, бас ауруы және қызу сияқты басқа белгілер байқалуы мүмкін.

Күнге аллергияны қалай емдейді?

Диагнозды дерматолог немесе аллерголог мамандары қояды. Әдетте, ішкі ауруды тудырмаған фотодерматит антигистаминдік және қабынуға қарсы стероидты емес препараттармен, сондай-ақ жараларды емдейтін мазьдермен емделеді. Егер онда инфекция болса, дәрігер қосымша антисептиктер мен бактерияға қарсы препараттарды тағайындайды. Аллергия асқынған болса, дәрігер күшті кортикостероидты дәрі тағайындай алады, ол тек рецепт бойынша беріледі.

Күнге аллергияның қалай алдын алуға болады?

  • Ашық және белсенді күн сәулесінің астында болмау;
  • Далаға шығарда қорғаныс деңгейі жоғары SPF-құрал жағу;
  • Жабық, бірақ жеңіл табиғи матадан тігілген киім кию және бас киім киіп жүру.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!