Президент: Ғалымдар - заманауи Қазақстанның жарқын келбеті

Президент: Ғалымдар - заманауи Қазақстанның жарқын келбеті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Стратегиялық бағдарымыз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал.

Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші.

Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен.
Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады", - деді Президент. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина