Павлодар облысында суға батқан кеме капитаны 20 күннен кейін табылды

Павлодар облысында суға батып кеткен капитанның денесі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Ер адам суға батқан сәттен бастап 20 күн іздеу жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Ерлан Қасымов мәлімдеді.

"Реттеуші құжаттар бойынша іздеу 10 күн бойы жүргізіледі. Ер адам суға батқан сәттен бастап 20 күн бойы іздедік. Бірінші кезеңде 10 күн іздедік: алғашқы үш күн белсенді, жеті күн пассивті іздеу. Туыстарының өтініші бойынша іздеу қайта қолға алынды және жеті күн пассивті іздеу жүргізілді. Оны батып кеткен сәтінен бастап 20-шы күні таптық", - дейді Ерлан Қасымов.

Подполковниктің айтуынша, су әлі лай, тұнық емес. Сондықтан сүңгуірлердің өміріне қауіп төнген, себебі ағаш, қоқыс және басқа да заттар болған.

Ер адамның денесі Аққулы ауылынан 60 шақырым қашықтағы ағыстан табылған. 

Іздеу жұмыстарына жедел құтқару жасағының 10 қызметкері, жүзу құралы және екі көлік жұмылдырылды.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында кеме капитаны суға батып кеткені хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!