Асқазан ойық жарасы қалай пайда болады?

№36 қалалық емхананың жоғары санатты эндоскопист дәрігері Төлеубек Сәденов асқазан жарасының қаупі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асқазан ойық жарасы - асқазанның шырышты қабатында пайда болып, ауырсыну мен ыңғайсыздық тудыратын ауыр ауру.

Маманның айтуынша, ауру дұрыс емделмесе, өмірге қауіп төндіретін ауыр асқынуға әкеледі.
Сондықтан ойық жараны уақтылы тексеру мен емдеуді ғана емес, осы ауруға дұрыс назар аудармағанда туындауы мүмкін салдарды түсіну маңызды.

Асқазан жарасы зақымдалған асқазан тамырларынан қан кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл қан құсу (гематемезис) немесе қара түсті нәжіс (мелена) түрінде көрінеді. Қан кету баяу және созылмалы болады, артынша анемияға ұласуы мүмкін немесе шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.

Ауыр жағдайда ойық жара асқазанның қабырғасын тесіп, асқазан ішіндегінің бәрі іш қуысына ағып кетуі мүмкін. Бұл жағдай перитонит деп аталады және дереу хирургиялық көмекті қажет етеді. Перфорация іштің күрт, кенет ауруынан, дене қызуынан көрінеді.

Ойық жара асқазан қалтқысы стенозын (тарылуын) тудыруы мүмкін, бұл тағамның өтуін қиындатады да, құсуға, іштің кебуіне және тез салмақ жоғалтуға әкеп соғады. 

Сондай-ақ, асқазан жарасы қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Дәрігерге тұрақты тексерілу бұл асқынудың алдын алуға көмектеседі.

Төлеубек Сәденов асқазан жарасының негізгі белгілерін айтты:

- іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну;
- қыжыл және асқазанның ашып ауруы;
- жүрек айну және құсу;
- тәбет пен салмақ жоғалту;
- іштің кебуі.

Егер бұл белгілерді елемесе, ойық жара дамиды және ауыр асқынуға әкеп соғуы мүмкін. Сол үшін осы белгілер пайда болғанда дереу медициналық көмекке жүгіну, дәрігердің ұсынысын орындау және салауатты өмір салтын сақтау маңызды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!