Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары сотталды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ж. және жалпы қамқорлығы үшін алдын ала сөз байласу арқылы адамдармен бірге айтарлықтай мөлшерде пара алған балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы С.-ға қатысты істі қарады (ҚК 366-бабы 3-бөлігінің 2,4-тармағы).

Сотталушыларға екі эпизод бойынша айып тағылды.

Бірінші эпизодта  2021-2024 жылдар аралығында комитет төрағасы өз қарамағындағы басқарма басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы комитетке бағынысты ұйымның бас директорынан жалпы қамқорлығы үшін банктік аударымдар арқылы 1,5 миллион теңге пара алған.

Екінші эпизодта "Н" ЖШС директорынан банктік аударым арқылы ұйым қызметінің қамқорлығы үшін 2 миллион теңге мөлшерінде пара алған.

Сот отырысы барысында сотталушылар кінәсін мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді.

Бұл баптың санкциясы бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, параның 60 еселенгеннен 70 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді.

"Комитет төрағасы мен басқарма басшысы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 6 жылға сотталды", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, ҚР Президентіне комитет төрағасын мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс жолданған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!