Маңғыстауда белгісіз біреулер мүгедектер мен балаларды қайыр сұрауға мәжбүрлеген

Маңғыстауда белгісіз біреулер мүгедектер мен балаларды қайыр сұрауға мәжбүрлеген
Фото: pixabay.com

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, адам саудасының 49 дерегі, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты тоғыз дерек анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мысалы, Астанада тоғыз "элиталық" монша кешенінің аумағында жас қыздарды сексуал қанауға тарту және мәжбүрлеу бойынша қылмыстық жүйені жолға қойған 17 адамнан тұратын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. 30-дан астам тінту іс-шарасы өткізіліп, ақша және алты автокөлік тәркіленді. Негізгі фигуранттар қамауға алынды.

Шымкентте осыған ұқсас ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Мұнда жалпы сомасы 1 миллион теңге және 16 мың АҚШ долларынан астам қаражат, 10 автокөлік тәркіленді. Топ жетекшілері мен мүшелері қамауға алынды.

"Петропавл 2023 жылдан бастап зорлық-зомбылық пен бопсалау арқылы жас қыздарды жыныстық қанауға мәжбүрлеп келген қылмыстық топ әрекет еткен. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оған қатысу дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Бірқатар өңірде әлеуметтік осал топтардан шыққан адамдарды қайыр сұрауға мәжбүрлеу фактілері анықталды.

"Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоқан-лоққы және күш көрсетіп, оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеп, "бизнес" ұйымдастырған адамдар тобы ұсталды. Қылмыскерлер өз құрбандарының есебінен жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған. Осыған ұқсас қылмыстық топтардың әрекеттері Ақтөбе, Алматы және Маңғыстау облыстарының аумағында әшкереленді. Онда мүгедектер мен жас балаларды базарлар мен вокзалдар аумағында пайдаланған. Барлық қылмыскерлер құрықталды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі", – деді Қуандық Алпыс.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек