Ұлттық құрамаға легионерлер керек пе?

Футболдан Қазақстан құрамасына қандай өзгерістер қажет? Қайта тағайындалған бапкер Магомед Әдиев ішкі біріншілікиен легионерлер ала ма? Қазақстан құрамасын алда қандай ойындар күтіп тұр?, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі спорт сарапшыларынан сұрап білді.

"Ұлттық құрамаға федерация президенті Әділет Барменқұлов өзгеріс жасады. Ол бапкерлікке Магомед Әдиевті тағайындады. Меніңше, ең бірінші кезекте білікті бапкер таңдалды. Бүгінгі таңда бапкердің жұмысы мен жемісі көрініп те жатыр. Легионерлерді алудың қажеті деп ойлаймын. Себебі, Магомед Мұсаұлы ұлттық құраманың ұстанатын бағытын нақты атап өткен болатын. Ол, ең алдымен құрамада патриоттық сезім, рух және жігер болуы керегін сөз еткен еді. Кейін құрама сапында ақшаға ойнайтын футболшылардың қажеті жоқ екенін де баса айтты. Егер легионер шақырсақ, оған ақша төленеді, ал нәтиже ше? Сондықтан Қазақстан құрамаға мықты футболшыларды іріктеу үшін ішкі біріншіліктегі клубтарға тапсырма беру керек. Оныме қоса, футбол академиясын қолға алу қажет", - деді сарапшы Айбек Жәнібекұлы.

Ол Қайрат клубының академиясы оң нәтиже көрсетіп жатқанын айтады.

"Академиядан Әділет Садыбеков, Рамазан Оразов сынды талант иелері шығып жатыр. Міне, осындай жас футболшыларды дайындайтын академиялар әр клубта болуға тиіс", - деді ол.

Тағы бір спорт маманы Шыңғыс Сенғажинның айтуынша, ел құрамасына легионерлер керек.

"Дәл қазіргі таңда біздің ұлттық құрамаға аса бір өзгеріс жасаудың керегі жоқ, тіпті мұндай қадамға бару тиімсіз дер едім. Өйткені алда қыркүйек айында Ұлттар лигасы келе жатыр. Ол топтағы ойындар құрамамыз үшін ауыр өтетіні сөзсіз. Меніңше, Қазақстан құрамасында осы жылдың желтоқсан айына дейін ешқандай өзгеріс болмайды. Мұны мен 100 пайыз сенімді түрде айта аламын. Мәселен, Магомед Әдиев құрамада бапкер ретінде қалып, келісімшартын ұзартты. Демек, өзінің қалыпты тактикасын жалғастырып, Еуроның іріктеуінде ойнаған футболшылармен жалғастырады. Қазақстан құрамасы Еуроның іріктеуінде тамаша матчтар өткізді, алайда соңғы ойында Грекиядан оңбай ұтылдық. Сол жалғыз жеңіліс бәрін құртып жіберді десек болады", - деді ол.

Спорт сарапшысының сөзінше, егер құрамаға өзгеріс жасалса, қазіргі ойын бұзылады.

"Мұның бәрін Қазақстан футбол федерациясы және бапкер Әдиевте жақсы түсініп отыр. Сондықтанда алдағы бір жылда өзгеріс қажет деп ойлаймын. Менің ойымша, Қазақстан құрамасына легионер керек. Нақтырақ айтсақ, құрамаға шабуылшы қажет. Сондай шабуылшының бірі Қайрат сапындағы Жоао Пауло болып тұр. Футболшы өзі де ниет білдірген еді. Алайда федерация мен бапкер Паулоны қажет деп санамайды. Дегенмен, егер легионер азаматтық алам, ұлттық құрамада ойнағым келеді десе және мұнысымен қоса жақсы өнер көрсетсе, неге алмасқа? Мәселен, қазіргі таңда Ақтөбенің шабуылшысы Идрис Умаев ұлттық құрама сапына кіргелі жатыр, алайда құжат мәселесінен әлі де олқылықтар бар. Ол Қазақстанда дүниеге келсе де, басқа елдің азаматы болып есептеледі. Себебі, туған Отанына қайта оралған азамат. Сондықтан жеке басым легионерлерге қарсылығым жоқ, керісінше құрамаға мықты ойнайтын шабуылшылар керек", - деді Шыңғыс Сенғажин.

Елімізге келген легионерлер кетіп қалады

Тәуелсіздік алған жылдардан бері көк паспортымыз 126 шетелдік спортшыға берілсе, оның басым бөлігі өз еліне қайтып кетті. Бұл туралы Антикор жүргізген тергеуден кейін белгілі болды.

Жоғары жетістіктер спортының бюджеті (340 миллиард теңге) бұқаралық спортқа (35  миллиард теңге) қарағанда 9 есе артық. Жоғары жетістіктер спортында шетелдік ойыншылардың натурализация процесі қалыпты жағдайға айналған. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматты алды. Оның әрбір екіншісі (79) өз отанына оралды.

"Бұл жерде тек олимпиадалық спорт түрлері жайында айтылып тұр. Астын сызып қою керек. Ал, енді кәсіпқой клубтардағы көрсеткіш бұдан бірнеше есе артық екені анық. Өйткені, олар елімізді нағыз проходной дворға айналдырды. Араға ұзақ уақыт салып болсын, құзырлы мекеме мәселеге мән бергені қуантады. Енді осыны соңына дейін жеткізіп, бюджеттің ақшасын оңды-солды шашуға және көк паспортымыздың қадірін кетіруге тосқауыл қоюы қажет", - деді спорт журналисі Аслан Қаженов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!