Кісі өлтіріп сотталған әйел үшін "соңғы қоңырау" соғылды

Қарағанды облысының төрт пенитенциарлық мекемесінде 36 сотталушы үшін соңғы қоңырау соғылды, бұл олардың 11-сыныпты аяқтағанын білдіреді. Жазасын өтеп жатқан 46 адам 10-сыныпты сәтті аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пенитенциарлық мектеп сотталғандарды оңалту мен бейімдеуде шешуші роль атқарады. Бұл сотталушыларға білім алып қана қоймай, қиын жағдайларға қарамастан көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді.

№32 мекемеде кісі өлтіргені үшін 10 жыл жазасын өтеп жатқан 45 жастағы Динагүл 10-сыныпты бітірген.

"Партаға қайта отырамын, мектепті тәмамдаймын деп ешқашан ойлаған емеспін. Оқуымды жалғастырып, бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін мамандық игеруді жоспарлап отырмын", - дейді ол.

Сотталушы тағдырдың жазуымен бостандықта жүргенде оқи алмаған. Өйткені 18 жасында ерте тұрмысқа шыққан, одан кейін жүкті болған, артынша сүйгені көз жұмған. Ақыр аяғында өзі түрмеге қамалды. 

Мектеп бітіргеннен кейін әйел режимдік нысан аумағында орналасқан колледжге түсуді және тігіншінің оқуын оқуды жоспарлап отыр. Динагүлдің бостандыққа шығуын екі ұлы асыға күтіп жүр. Оның кіші баласы қазір 19 жаста, ал үлкен баласы 24 жаста.

Айта кетейік, пенитенциарлық мектеп түлектері колледждер мен университеттерде білімін жалғастыра алады, жаңа мамандықтар игеріп, жұмыс таба алады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!