"Орталық Азия елдері Ресейдің қас-қабағына қарайды". Сенат төрағасы Украина президентіне жауап берді

"Орталық Азия елдері Ресейдің қас-қабағына қарайды". Сенат төрағасы Украина президентіне жауап берді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысынан соң журналист сенат спикеріне "Украина президенті Владимир Зеленский Орталық Азия журналистеріне сұхбат берді. Онда Орталық Азия елдері Ресей -Украина мәселесінде нақты ұстанымын білдірмейтіні, Ресейдің қас-қабағына қарайтыны айтылды. Пікір білдіре аласыз ба?" деп сұрақ қойды.

Мәулен Әшімбаев бұл мәселеде Қазақстанның ұстанымы айқын екенін атап өтті.

"Қазақстанның Украина мәселесі туралы ұстанымы айқын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет пікір білдірді.

Сыртқы істер министрлігі ол тақырыпқа қатысты үнемі айтып келеді. Дәл қазір біз ол жақтағы қантөгісті тоқтату өте маңызды деп есептейміз. Ұстанымымыз қай жерде айқын емес?", - деді сенат төрағасы.

Оның пікірінше, қос тарап мәселені келіссөз жүргізіп талқылауы керек.

"Келіссөз бастау керегін үнемі айтып жүрміз. Қазақстан бұл тұрғыда өз мүмкіндіктерін де ұсынды. Тіпті келіссөзді елімізде де өткізуге болатынын білдірді. Біздің ұстанымымыз әрдайым айқын болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ешқандай квазимемлекеттік ұйымдарды мойындамайтыны туралы айтқан мәлімдемесі есіңізде шығар. Қазір қантөгісті тоқтату өте маңызды», - деді Мәулен Әшімбаев.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Есен