Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды

Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жоғарғы соттың судьясы Талғат Ибрашев қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенатта Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Александр Шип Талғат Ибрашевті лауазымынан босатуды ұсынды.

"Талғат Әулиеханұлы Ибрашев Қазақстан президентінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығымен Алматы облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Құрметті депутаттар, мемлекет басшысы Жоғарғы соттың судьясы Талғат Әулиеханұлы Ибрашевті басқа лауазымға тағайындалуына байланысты қызметтен босату туралы ұсынысын қолдауыңызды сұраймын", - деді ол.

Депутат Нұрлан Бекзанаров бұл мәселе бойынша комиттеттің қорытындысын жариялады.

"Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі, құқық қорғау органдары комитеті өзінің кеңейтілген отырысында Қазақстан президентінің Жоғарғы соттың судьясын қызметінен босатуға ұсынылған кандидатураны талқылап, қарау нәтижесі бойынша қорытынды шығарды. Қазақстан президентінің ұсынымы негізінде және Конституцияның 55-бабының 1-тармақшасына, Қазақстан Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы конституциялық заңының 2-бабына, Қазақстан сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңының 33-бабының 1-тармағының 8-тармақшасына, 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес комитет Парламент Сенатына Талғат Әулиеханұлы Ибрашевті басқа қызметке тағауындауына байланысты Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы қызметінен босатуды ұсынады", - деді комитет төрағасы.

Сенат депутаттары ұсынысты қолдап, дауыс берді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Есен