Күнде ұйықтар алдында айран ішсе не болады?

Күнде ұйықтар алдында айран ішсе не болады?
Фото: ru.freepik.com

Айран - көптеген пайдалы қасиеттерге ие қышқылды сусын. Ол сүттен және ұйытқыдан жасалады, құрамында айран саңырауқұлақтары, пробиотиктер, дәрумендер мен минералдар бар. Ұйықтар алдында бір стақан айран ішу - посткеңестік елдердің тұрғындары арасында кең таралған әдет. Егер күн сайын ұйықтар алдында айран ішсеңіз, ағзаңызда қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін қарастырайық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Tengri Life"-ке сілтеме жасап.

Ұйықтар алдында айран ішудің пайдасы

Асқорытудың жақсаруы

Айранның құрамында пробиотиктер - ішектер саулығына ықпал ететін пайдалы бактериялар бар. Күнде ұйықтар алдында айран ішу асқорыту жұмысына пайдалы:

  • Ішектер микрофлорасын сақтауға көмектеседі. Пробиотиктер ішектегі пайдалы бактериялар мөлшерін көбейтуге көмектеседі. Ал ол асқорытудың жақсаруына және пайдалы заттардың сіңуіне ықпал етеді.
  • Іш қатудың алдын алады. Айран жеңіл іш жүргізетін әсерге ие.
  • Тітіркенген ішек синдромының симптомдарын азайтады. Айрандағы пробиотиктер қабынуды басады және тітіркенген ішек синдромы бар адамдардың жағдайын жақсартады.

Иммунды жүйені сақтау

Айран иммунды жүйені сақтауға қажетті көптеген дәрумендер мен минералдардың, соның ішінде D дәрумені, кальций, магний және B12 дәруменінің көзі. 

Ұйықтар алдында айран ішу иммунитетке пайдалы:

  • Иммунитетті қатайтады. Пробиотиктер ішектің қорғаныш функциясын жақсартып, ағзаға патогендердің түсуінің алдын алады;
  • Инфекция жұғу қаупін азайтады. Пробиотиктерді жүйелі түрде тұтыну тұмау мен басқа да инфекциялардың жұғу қаупін азайтады.

Ұйқыны жақсарту және күйзелісті азайту

Айранда триптофан деп аталатын аминқышқыл бар. Ұйықтар алдында айран ішу ұйқыны қалыпқа келтіруге көмектеседі:

  • Терең және сапалы ұйықтауға ықпал етеді. Триптофан мелатонин бөлінуін арттыруға көмектеседі, сондықтан ол оңай ұйықтап кетуге және ұйқы сапасын жақсартуға жағымды әсер етеді;
  • Күйзеліс пен мазасыздық деңгейін түсіреді. Триптофаннан түзілетін серотонин көңіл күйді жақсартады және күйзелісті жеңуге көмектеседі.

Сүйектер саулығын сақтау

Айран кальций мен D дәруменіне бай. Сондықтан күнде ұйықтар алдында айран ішу сүйектерге пайдалы:

  • Сүйектер мен тістерді қатайтады. Кальций мен D дәрумені сүйектердің минералдануына ықпал етіп, остеопороз және сынық болу қаупін азайтады;
  • Кальций сіңуін жақсартады. Айрандағы пробиотиктер ішектерде кальцийдің сіңуін жақсартады.

Салмақты бақылау

Айран - калориясы төмен сусын. Ол салмақты бақылауда ұстауға көмектеседі:

  • Аштық сезімін басады. Айрандағы пробиотиктер мен ақуыздар салмақты бақылауда ұстауға ықпал етеді. Ол түнде тіскебасарларды жемеуге көмектеседі;
  • Зат алмасуды жылдамдатады. Ақуыздар мен пробиотиктер зат алмасуды ынталандырады.

Ұйықтар алдында айран ішудің жағымсыз салдарлары

Күнде ұйықтар алдында айран ішудің ағзаға тигізер пайдасы мол болғанымен, кей адамдарға ол жақпауы мүмкін. Біріншіден, лактоза көтере алмайтын немесе сүтті өнімдерге аллергиясы бар адамдар айран ішсе, асқазан-ішек жолында жағымсыздық пайда болуы, соның ішінде іші кебуі, іші өтуі және іші ауыруы мүмкін. Айранда сүтпен салыстырғанда лактоза аз болса да, бұл компонентті көтере алмайтын адамдарға ол жақпауы мүмкін. Екіншіден, айран табиғи іш жүргізетін әсерге ие. Сондай-ақ қышқылды рефлюкс немесе асқазан-өңештік рефлюкске бейім адамдар айран ішсе, ол симптомдардың асқынуына ықпал етуі мүмкін. Айранның қышқылдылығы өңештегі күйіп ауыру сезімін одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін. Егер сізде де осындай проблемалар болса, күнде айран ішуді қолға алмас бұрын дәрігерген кеңесіп алыңыз.  

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жапатова