Биыл екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілген

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ермек Сағымбаев ведомствоның биыл жыл басынан бері терроризмге және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысының негізгі нәтижелері және алдағы кезеңде қабылданатын шаралар туралы баяндады:

  • осы уақыт ішінде екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілгені туралы айтты. Оның біреуі шет мемлекетте шетелдік серіктестермен бірлесіп жасалмақ болған;
  • Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп-тексерген қылмыстық істердің негізінде радикалды діни идеологияның 26 жақтаушысы лаңкестік және экстремистік әрекеттері үшін сотталған. Тағы 22 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр;
  • экстремистік көзқарастарына байланысты республикаға 139 шетелдіктің кіруіне жол берілмеген, 280-нен аса шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылған;
  • тыйым салынған діни әдебиеттерді елге заңсыз әкелуге қатысты 190-нан аса әрекетке тосқауыл қойылып, 19 шетелдік жауапқа тартылған;
  • заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден аса оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленген;
  • жыл басынан бері 340-тан астам терроризмге қарсы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған.
  • Терроризмге қарсы күрес шараларын күшейту аясында ІІМ және ҰҚК күштері мемлекеттік және өзге де нысандарға, оның ішінде халық көп жиналатын орындарға 3400-ге жуық тексеріс жүргізген;

Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарындағы өзге де шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы жұмыстарды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз