ШҚО-да 100 келіге жуық мефедрон тәркіленді

Шығыс Қазақстан облысында есірткі зертханасы жойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция 100 келіге жуық мефедрон сатылуына жол бермеді. Полицейлер жалға алынған жертөледе зертханалық жабдықтарды, прекурсорларды және сатуға дайындалған аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткіні тәркіледі.

Сараптамаға сәйкес, тәртіп сақшылары 1,4 келі мефедрон, сондай-ақ, 1,6 тонна химиялық сұйықтықты тәркілеген. 

"Аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз өңдеу, сатып алу, сақтау және өндіру бойынша қылмыстық іс қозғалды. Есірткі зертханасының жабдықтарын жинап, тыйым салынған заттарды жасаумен айналысқан облыс орталығының 41 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.

Ер адамның мүлкі тәркіленіп, он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!