Алматы облысында әйел адам мен екі баласын өлтіріп, үйін өртеп жіберген адам сотталды

Алматы облысында әйел адам мен екі баласын өлтіріп, үйін өртеп жіберген адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелді және оның екі баласын өлтірді, қылмысты жасыру үшін үйін қасақана өртеп жіберді және мүлікті ұрлады деген айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 202-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы, 99-баптың 2-бөлігінің 1, 3), 5), 10)-тармақтары, 99-баптың 3-бөлігі, 188-баптың 1-бөлігі
бойынша).

Сотта не анықталды?

Сотталушы мас күйінде бірге тұратын әйел мен оның кәмелетке толмаған екі баласын пышақтап өлтірген. Содан кейін үйдің есігін сыртынан құлыптап, қашып кеткен. Бір күннен кейін ол қылмыс орнына қайта келіп, жәбірленушінің 40 мың теңгесін ұрлап, кісі өлтіру ізін жасыру үшін олардың үйін өртеп жіберген.

Сотталушының кінәсі іс материалдарымен: куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген.

Соттың шешімі

Сот сотталушыны өзіне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!