Жалған мәдениет жарға жығады - Психолог жас жұбайлардың басты қателігін атады

Отбасы құрар алдында қыз бен жігіт бір-біріне қандай талаптар қоюға тиіс? Психолог Абылай Боранбай болашақ ерлі-зайыптыларға арнап бірнеше кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 - Қыз бен жігіт жүре бастаған кезде екеуінің бірі жеке шекарасын сақтай алмай, өзіне жақын өткізіп алып жатады. Мұндай кезде қыз бала немесе ұл бала тарапы қысылып ұзақ біріне-бірі айтпай жүруі мүмкін. Оларға қандай кеңес бересіз?  Басынан-ақ нені "жоқ", нені "иә" деп айтып үйрену керек?

Мұндай жұптардағы басты мәселе — жалған мәдениеттілік. Яғни, "маған бір нәрсе ұнамай жатса, қазір ол нәрсенің ұнамайтынын айтсам, адамды үркітіп аламын, мені мәдениетсіз деп қабылдауы мүмкін" деген қорқыныштың кесірінен үндемей жүре береді. Бірақ кез келген нәрсенің шегі бар. Бір күні жиналып қалған реніш үлкен конфликтке алып келуі мүмкін. Одан да жұмсақ әрі көркем түрде, адамның тұлғасына өтпей, ұнамайтын нәрсені атап айтуды үйренген жөн.

Ренжітпей айтудың өз формасы бар:

"Сіздің осылай айтқаныңыз немесе істегеніңіз маған ұнамайды. Сізден осындай әрекет көргенде немесе сөзді естігенде менде реніш(еск - ашу-ыза, ұят, кінә) сезімі туындайды. Келесі жолы олай айтпауыңызды сұраймын"

Егер сізді бағалайтын кісі болса, осындай формада жеткізген өтінішіңізді жерге тастамайды, себебі жүрегіңізді жаралағысы келмейді.

фото:спикердің жеке мұрағатынан 

 - Екі жас отбасы құрғалы жатыр. Менталитеті, я болмаса бұрын тұрмысы бөлек болған. Екеуіде қызу сезіммен қосылады. Эмоцияны ысырып қойып, бір-біріне (құжат жүзінде және ауызша) қандай талаптар қоюға тиіс? 

Ең алдымен жеке келісіп алатын маңызды дүниелер бар. Әдетте махаббаттан бастары айналып жүрген жастар кез келген мәселені шешеміз, бәрінен бірге өтеміз деп ойлайды. Бұл гормоналды фон ұзаққа шыдамайды, әрі кетсе 3 жылдан кейін басылады. Көп жастардың алғашқы 3 жылда ажырасып жататыны да содан. Гормондар ойнап, бәрі оңай болып көрінген кезде жігіт пен қыз бір-бірінің кемшіліктерін байқамайды.

Бірақ сезім шексіз болмайтынын есте сақтаған жөн. Менталитеттері мүлде әр түрлі 2 адам ұзақ мерзімді отбасы бола алмайды. Негізгі сенімдері, ұстанымдары бойынша өзгешеліктер көп болған сайын өмірде ортақ шешім қабылдау қиындай түседі. Мәселен, екеуі екі түрлі дін ұстанса немесе біреуі ұлттық тәрбиені, біреуі феминизмді алға тартса, тіл табысуы қиын. Біреуі көпбалалы отбасы құрғысы келсе, екіншісі "чайлдфри" болса, ұзаққа бармай ажырасып кетеді. Сондықтан отбасылық қаржы және үй шаруасы мәселесін шешіп алған жөн.

Әдетте отбасыларда 3 түрлі модельдің бірі кездеседі:

1) Дәстүрлі модель. Ер адам ақша табады, әйел адам үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысады.

2) Тең құқықты модель. Ер адам да, әйел адам да жұмыс істейді, ақша табады. Ортақ бюджетке қосатын үлесіне кері үлеспен үй шаруасымен айналысады. Мысалы, ер адам ортақ бюджеттің 60 пайызын, әйел адам 40 пайызын қамтамасыз етсе, үй шаруасымен керісінше ер адам 40 пайыз5а, әйел адам 60 пайызға айналысады.

3) Гибридті модель. Әйелдердің "Жұбайымның тапқан ақшасы — біздің ақша, менің тапқаным — менің ақшам" дейтін моделі. Бұл жағдайда әйел адам үй шаруасымен айналысады, бірақ қосымша жұмыс істеп, ақша табады, бар тапқанын өзіне жаратады.

Мынау дұрыс, ал мынау бұрыс демеймін. Әр жұп үшін норма бөлек. Осы сияқты әр түрлі маңызды мәселелерде ортақ көзқараста болғаныңыз жөн. Не нәрсенің маңызды не маңызды емес екенін әр жұп өздері үшін жеке шешеді. Идеал жағдайда барлық маңызды сұрақтар бойынша көзқарастарыңыз бірдей болса және болашаққа байланысты жоспарларыңыз бір жерден шығып жатса, керемет.

Тағы бір маңызды дүние — денсаулық.

Бұл ортақ маңызға ие ортақ құндылық саналады. Анасында темірдефицитті анемия болса, қалқанша безі дұрыс жұмыс істемейтін болса, бұл балаға да берілетінін ескеру керек. Бұл тұрғыдан болашақ ананың денсаулығы маңызды. Бірақ денсаулықты тек әйелдерге ысырып қойған да дұрыс болмайды. Әдетте балалы бола алмай жүрген жұптар әйелдің денсаулығымен алысып жүреді. Ешқандай ақау табылмай, ақыры соңында мәселе ердің денсаулығында екені анықталады.

 - Кейде ауылдың қызы немесе ұлы консервативті тәрбиеде өсуі мүмкін. Қатаң тәрбие, түрлі тыйымдар... Олар кейде болашақ серігін кездестіре алмай жатады? Қандай іздеген жөн?

Бұл жерде,.ең алдымен бір нәрсені нақтылап алған жөн. Консервативті ортада өскен ол адамға ұнаған ба әлде сол ортада өмір бойы өзін жат сезінді мекен? Егер консервативті ортада тәрбиеленіп, әрі қарай да өмірін солай жалғастырмақшы болса, онда сол ортада қалыптасып қалған жолдар арқылы болашақ жарын іздейді. Әдетте, бұл туыстары, достары, таныстары арқылы, немесе белгілі бір ұйым, жамағат арқылы іске асады.

Егер консервативті ортада өзін жат сезінген адам болса, өмір бойы сырттан қысым көріп, психологиялық тұрғыда еркіндік сезінбей, бұдан шаршаса, өзімен жұмыс істеп, ортасының сызып қойған шеңберінен шығуды үйрену керек. Бұл – ұзақ уақытты талап ететін процесс. Өзіңізге ұнайтын нәрселермен айналысыңыз, өзіңізге ұнайтын жерлерге барыңыз. Қызығушылықтарыңыз бойынша белгілі бір ұйымдарға барып көріңіз, мысалы, спорт ұйымдары, оқырмандар клубтары және тағы басқа жерлер...

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!