Қайырымдылыққа жиналған 2 миллиард теңге алаяқтардың қалтасына түсуі мүмкін - депутат

Қайырымдылыққа жиналған 2 миллиард теңге алаяқтардың қалтасына түсуі мүмкін - депутат
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Биыл қайырылымдылыққа жалпы 6 миллиард теңге жиналған. Оның 2 миллиард теңгесі алаяқтардың қалтасына түсуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Динара Наумова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады.

"Бүгінде елімізде мұқтаж жандарға шынайы жанашырлықпен көмек көрсететін көптеген қайырымдылық қоры мен волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Алайда олардың беделін тек жеке пайдасын көздейтін алаяқтар бұзады", - деді Динара Наумова.

Қаржы мониторингі агенттігінің наурыздағы мәліметінше, 138 банк картасы түрлі мақсаттағы күмәнді алымдарға тартылған, ал 70 мыңнан аса қазақстандық өз ақшасын жалған көмекке жіберген. Қайырымдылық мақсатта жиналған сома - 6 миллиард теңге. Оның 2 миллиард теңгесінде алаятық белгілері бар.

"Қаскүнемдер жиналған қаражатты әртүрлі мүлікті сатып алуға, тұрмыстық қажеттіліктерге, букмекерлік кеңселердегі ставкаларға, шетелдегі сәнді пәтерлерді жалға алуға және басқа мақсаттарға пайдаланған. Бұл - тек ресми деректер. Анықталмаған алаяқтық деректердің нақты саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, өзгелерден қол ұшын созуды сұрайтындар қатары өсіп келе жатқаны байқалады.

"Осы қарқынды теріс пиғылда пайдаланатын алаяқтардың қызметіне қатысты алаңдаушылық туындайды. Бұл адамдар өзгелердің аяушылық сезімін оятып, қаржылай көмек жолдауы үшін қолдарынан келгенше түрлі амал-тәсілді қолданады. Сондай-ақ, қайырымдылық қаражаты жиналатын қораптарды тексеру мүмкіндігі болмауы қаражат пайдаланылуын бақылауды қиындататынын да ескеру маңызды. Бұл мақсатты емес шығындарға әкелуі мүмкін және ақшаның жәрдем күткен мұқтаж жандарға жетуін қиындатады. Қоғамда қайырымдылық қызметке деген оң көзқарастың артуымен бірыңғай реттеуші органның, сондай-ақ, ашықтық пен есептілік мәдениетінің болмауы сияқты күрделі проблема туындады. Қайырымдылық жасаушылар мен көмек алушылардың қызметі туралы бақылауды жүзеге асыруға және сенімді ақпарат алуға болатын бірыңғай платформа болмауы күмән тудырады және тиімді бақылау мүмкіндігін қиындатады", - деді депутат.

Динара Наумованың пікірінше, сала заңмен тиісті деңгейде реттелмеген. Осыған байланысты ол министрлікке мына ұсыныстарды қарастыруды ұсынды:

1. Қайырымдылық саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру үшін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде жұмыстар жүргізу.
2. Қайырымдылық ұйымдарының қызметін үйлестіретін, реттеудің бірыңғай стандарттарын белгілейтін және қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығына кепілдік беретін бірыңғай реттеуші орган құру.
3. Қайырымдылық ұйымдары мен олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін бірыңғай онлайн-платформа құру.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен