Аш қарынға лимон қосылған су ішу асқазанға зиян ба?

Жас көрінгісі, арықтағысы және денсаулығын сақтағысы келетіндер сәнге айналған әуестікті қуана қабылдайды. Солардың бірі - таңертең лимон, лайм немесе апельсин салынған су ішу. Аш қарынға мұндай сусын ішу асқазанға қалай әсер етеді? Гастроэнтеролог Рустем Садыков жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.

Аш қарынға қышқыл сусын ішу - асқазанның қалыпты жұмысын бұзуы мүмкін. Оның мынадай салдарлары болуы мүмкін:

  • Асқазан секрециясы төмендейді. Аш қарынға түсетін қышқыл дұрыс асқорытуға қажет асқазанның өзінің қышқылының өндірісін тежейді.
  • Ақуыздардың сіңуі бұзылады. Ақуыздарды қорытуға асқазанның қышқыл ортасы керек. Қышқыл сусындарды ішкеннен асқазан қышқылдылығының төмендеуі ақуыздардың толық ыдырамауына және олардың сіңуінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

"Ал асқазан-ішек жолдары аурулары, мысалы, гастрит немесе жарасы бар адамдарда лимон қосылған су ішу ауруды ушықтырып жіберуі және симптомдардың асқынуына әкелуі мүмкін", - деп ескертті дәрігер.

Дәрігер аш қарынға лимон қосылған су тек асқазанға зиян келтіріп қоймай, басқа да жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін екенін айтты.

"Қышқыл сусындарды жиі ішу тамақтың нәзік шырышты қабықшасын зақымдауы мүмкін. Ол тамақты қышытуы, ауыртуы және қабынудың пайда болуына әкелуі мүмкін", - деді гастроэнтеролог.

Дәрігер аш қарынға қышқыл сусындар ішумен әуестенбеуге шақырды. Егер таңертеңмен пайдалы бірдеңе ішкіңіз немесе жегіңіз келсе, сілтілі өнімдер мен сусындарды таңдаған жөн.

"Асқазан саулығын сақтау үшін банан, авокадо немесе бадам сүті секілді сілтілі өнімдерді таңдаған дұрыс. Олар асқазан қышқылдылығын бейтараптауға және оның шырышты қабықшасын қорғауға көмектеседі", - деді дәрігер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!