Домбыра монументі, баспана: ерекше сыйлықтар жасаған 20 жылдық түлектер жұртты тәнті етті

Фото: видеодан кадр

Әлеуметтік желіде мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектердің ауылға, мектепке жасаған тартуларының видеосы тарап кетті. Massaget.kz тілшісі желіде тараған осындай видеоларға шолу жасады.

Facebook желісінде тараған видеолардың бірінде түлектер ауылға домбыра үлгісіндегі монумент сыйға тартқаны көрінеді. Желі қолданушылары бұл Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауылы екенін жазып жатыр.

"Мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер тарту еткен", - деп жазды әлеуметтік желідегілер.

Желіден алынған кадр

Көпшілік түлектердің тапқырлығына риза болған.

"Қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ - домбыра", "Қандай керемет, қолдарыңыз алтын, еліміздің рухын көтеріп, аман болыңыздар, домбыраны көріп, күш қуат пайда болады екен, қазақ еліміз аман болсын", "Туған жерге туыңды тік" деген. Түлектерден керемет тарту әрі тарих", "Қазақтың киелі домбырасының қасиетін асқақтатқан адал жүректеріңнен айналайын, түлектер! Шеберліктерің шыңдала берсін", - деп жазды желі қолданушылары.

Енді бір кадрларда түлектер мұқтаж отбасын қуанышқа бөлегені көрінеді. Түлкібас ауданының түлектері қайырымдылық жасап, 7 балалы жанұяға 5 бөлмелі, қорасы мен сарайы қарастырылған баспана сыйлады. Баспана Абай атындағы білім ошағы, Б.Садықов және Ломоносов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан жастарының атынан берілген.

"Ортадан 10 миллион теңгеден аса қаражат жиналған. 9 миллион теңгесіне үй алып, оны толық жөндеуден өткізген. Ішін қажет жиһаз-техникалармен жабдықтап та беріп отыр. Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар сол баспананың ауласында құдайы ас беріп, Абдулаевтар отбасына табыстады. Бұл отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Шара соңында дәстүр бойынша 2004 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2005 жылғы түлектерге табыстады", - деп жазылған ontustiktv.kz мәліметінде.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сарапхана ауылдық округінің 1987 жылы дүниеге келген азаматтары да ауыл тұрғынына баспана салып берген. Мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер ауылда мұндай үрдіс үш жылдан бері дәстүрге айналғанын айтты.

otyrar.kz-ке мәліметінше, білім ұясынан түлеп ұшқанына 20 жыл болған түлектер ауыл әкімі, имамымен, ақсақалдармен ақылдасып, нақты қай отбасы баспанаға мұқтаж екенін анықтап, шешім қабылдаған. Нәтижесінде таңдау 1981 жылы дүниеге келген ауыл тұрғыны Бауыржан Қилыбайұлының отбасына түскен. 40 жастағы ер азамат - үш баланың әкесі. Өте еңбекқор, әртүрлі құрылыста жалдамалы жұмыс істеп, отбасын асырап жүр екен.

"Біздің ауылдық округте бес мектеп бар. Әр мектептің түлектері өзара ақылдаса келе осындай шешімге келді. Арасында белсенділері жиналып, осы игі істі қолға алдық. Үй құрылысын былтыр күзде бастадық. Арамызда қолынан құрылыс келетін жігіттер бар. Олар бір тиынсыз өздері үйдің төбесін жапты. Енді бір жігіттеріміз кәсіп саласында жүр, олар құрылыс материалдарына демеушілік етті. Үйдің іргетасын құю, қабырғасын көтеру деген сияқты жұмыстарға ортадан ақша жинап, баспананы салып біттік. Ауыл әкімі де 1987 жылғы азамат. Ол да осы баспананың салынуына белсенділік танытты. Жер бөлу, құжаты жағынан үлкен көмегі тиді. Кешегі жексенбіде баспана кілтін табыстадық. Шыны керек, ол азамат қуанғанынан тіпті көзіне жас алып, алғысын жаудырды. Тек өзі емес, оның сыныптастары да бізге алғыстарын айтты", - деді түлектер.

Түлектер бес бөлмелі баспананы салып қана қоймай, ішін тұрмысқа қажет жиһаз және техникалармен толықтай қамтыған.

facebook.com/Алпамыс Қалботаев 

Сондай-ақ, мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектердің бір бөлігі ауыл мешіті жанынан қысы-жазы ауызашар немесе ас беруге арналған жабық ас үй салып жатқаны белгілі болды.

Бұл түлектер қайырымдылық жасап жатқан бірінші оқиға емес. Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылының 2004 жылғы мектеп бітірушілері де мұқтаж отбасылардың біріне баспана сыйлауды жоспарлаған. Мектеп түлектері аудан орталығындағы қос қабатты тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер сатып алған. Көпбалалы отбасыға жиһаздарына дейін алып бермек. Бұл баспана аудандағы жалғызбасты аналардың біріне тапсырылады.

"Темірландағы ең мұқтаж деген жанды таңдап алдық. Әзірше ол отбасы өзіне жасалғалы жатқан тосынсыйдан бейхабар", - деді түлектер бұған дейін.

Түлектер соңғы қоңырау күні өмірден өткен ұстаздары мен сыныптастарының рухына құран бағыштау кезінде жалғызбасты анаға хабарласып, сүйінші сұрауды жоспарлаған.

ara24.kz

Сонымен қатар, Түркістан қаласында мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер де игі іске мұрындық болған. Бекзат шағынауданының 1986 жылғы азаматтары жиырма жылдыққа орай баспана тарту етті.

Түлектер бірнеше жыл қатарынан мұқтаж отбасыларды қуантып, алғысқа бөленіп келеді. Ал бұл жанашыр жандардың тарапынан тарту етілген 17-баспана екен. Олар 2020 жылы дүниеден өткен достары Жарқынбек Өтеповтің отбасына үй салып берді. Баспана соңғы қоңыраудан соң салтанатты түрде табысталған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова