Түркістан облысының жұмыспен қамту орталығында 31 миллион теңге ұрланған

Түркістан облысының прокуратурасы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты "Еңбек мобильділігі орталығы" қызметінде жүйелі бұзушылықтарды анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тексеру нәтижесінде "Қоғамдық жұмыс" мемлекеттік бағдарламасына іс жүзінде қатыспаған 122 адамға жалақыны заңсыз аудару арқылы 31 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды.

Жинақталған құжаттар сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеліп, тергеу жүргізу үшін Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

"Жастар практикасы" және "Ақылы қоғамдық жұмыс" бағдарламаларының 4 мыңнан астам қатысушысына 2023 жылға міндетті медициналық сақтандыру бойынша 11,6 млн теңгеге төлем жүргізілмеген.

Орталық қызметінде 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар және шарттарда негізсіз талаптар қою арқылы 760 кәсіпкердің құқықтарын шектеу фактілері анықталды.

Бұдан бөлек, "Қысқа мерзімді оқыту" бағдарламасы шеңберінде оқудан өткен 50 адам іс жүзінде үздіксіз (6 айға дейін) жұмыспен қамтамасыз етілмеген.

Осындай бұзушылықтарды болдырмау және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігіне және уәкілетті мемлекеттік органдарға 4 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, жекелеген фактілер бойынша құжаттар процестік шешімдер қабылдау үшін экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!