Елорда тұрғыны есірткі контрабандасы үшін 7 жылға сотталды

Астана тұрғыны есірткі контрабандасы үшін 7 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Осы жылдың ақпан айында Астана қаласының халықаралық әуежайында қызметтік-іздестіру итімен "Тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында көліктегі полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері есірткі затының контрабандасы күдігімен Астана-Анталия бағытындағы әуе рейсімен ұшпақ болған 47 жастағы елорда тұрғынын анықтап, ұстаған.

Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев айтты. Жеке тінту барысында ұсталған азаматшадан жалпы салмағы 9 грамм болатын гашиш есірткі заты табылып, тәркіленді. Құқық бұзушы есірткі затын Түркия Республикасының Анталия қаласына барғаннан кейін жеке өзі пайдалану мақсатында алғандығын айтқан.

"Ұсталған азаматшаға қатысты көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеу жүргізді. 27 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотымен әйел адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", – деді Бақытжан Малыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері көліктегі ПД қызметкерлері 159 есірткі құқық бұзушылығын анықтады, оның ішінде 5 өткізу фактісі, 11 аса ірі көлемдегі сақтау, 5 контрабанда бойынша тіркелген. Заңсыз айналымнан 31 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!