Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан подполковникке сот үкімі шықты

Елімізде синтетикалық есірткі сатумен айналысты деп күдікке ілінген подполковник 9 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ Орталық өңірлік Әскери-тергеу басқармасына сілтеме жасап.

Аталған басқарма Ақмола гарнизонының подполковник шеніндегі М. атты әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық істі тергеп, сотқа жіберді. Ол синтетикалық есірткі сатумен айналысты, закладчик болды деген күдікке ілінген.

Бүгін Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында көшпелі отырысы өтті.

"Ондағы мақсат – әскерде құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау. Сондықтан сот отырысы әскери қызметшілердің қатысуымен өтті", -деді ІІМ Орталық өңірлік Әскери-тергеу басқармасының басшысы Мұхамед-Қали Қарсыбеков.

Ақмола гарнизонының әскери соты М. атты подполковникті Қылмыстық кодекстің 297-бабы 2-бөлігі ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқыру не қорқытып алу") бойынша кінәлі деп тауып, мүлкі тәркілемей, 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз