Шымкентке жұмыс бабымен барған украиналық әйел босанып қалды

Шымкент перинаталдық орталық дәрігерлері украиналық әйелді босандырып алды. Ал нәрестеге күрделі операция жасалды. Барлық медициналық шара міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында тегін көрсетілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Диана Щебетун толғағы қысып, жедел жәрдем қызметімен перинаталдық орталыққа жеткізілген. Сәби мерзімінен бұрын 33 аптасында дүниеге келді.

"Толық медициналық тексеруден өткізген жергілікті дәрігерлер нәрестеге "өңештің артрезиясы" диагнозын қойып, күрделі ота жасады. Өңештегі туа біткен ахауды хирургиялық жолмен емдеу операциясы сәтті өтті. 1700 грамм салмақпен туылған ұл бала бүгінде салмақ жинап, 2 келіден асты. Денсаулығы жақсарған анасы мен баласын перинаталдық орталық дәрігерлері бүгін үйіне шығарды", - делінген қалалық әкімдік мәліметінде.

Украиналық Диана Щебетуннің өзі де дәрігер. Ал күйеуі "Қызылжар" футбол клубының ойыншысы. Жүкті әйел жолдасымен бірге  Шымкентке жұмыс бабымен барған екен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!