Тоқаев Асхат Хасеновті қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасеновті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Асхат Хасенов компанияның биылғы бірінші тоқсанда атқарған операциялық және қаржылық қызметінің нәтижелері туралы есеп берді:

"ҚазМұнайГаздың" көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсімге қол жеткізгені жөнінде баяндады;

ірі инвестициялық жобалардың, соның ішінде Жаңаөзенде гибридті электр станциясын және Атырау облысында қуаты 1,25 миллион тонна болатын полиэтилен өндіру зауытын салу, мұнай-химия кластерін дамыту, Каспий теңізіндегі Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов кен орындарын игеру барысы жайында айтты;

компанияның 2023 жылы іске қосылған газ кен орындары, сондай-ақ қорларды толтыру және мұнай өндіру деңгейін сақтау мақсатында жүргізіліп жатқан геологиялық барлау жұмыстары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" Қызылорда облысындағы Торғай палеозой учаскесінде тереңдігі 5 500 метр ұңғыма және Каспий теңізіндегі Абай учаскесінде бұрғылау жұмыстарын жүргізуді көздейді;

әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы және компанияның су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты атқарған жұмыстары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау, мұнай-газ химиясы салаларындағы жобаларға ірі инвесторларды тарту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ отандық мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет екеніне ерекше назар аударды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!