Алматы әкімдігі жаңа автобустарға 55 миллиард теңге жұмсамақ

Алматы әкімдігі жаңа автобустарға 55 миллиард теңге жұмсамақ
Фото: instagram.com/ajupventure

Былтыр Factcheck.kz редакциясы Алматы қаласының мобильділік басқармасы 600 автобус сатып алуға 53,6 миллиард теңгені қалай жұмсағанын жазған-ды. Автопаркты осынша қаржыға жаңартудан кейін әлемжеліде 800-ден астам қоғамдық көлік сақталған "автобус зираты" туралы әңгіме шығып, әкімдіктің басы дауға қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алайда автопаркты жаңарту әңгмесі мұнымен аяқталмаған. Әкімдік биыл да жоғарыда айтылған сомадан асып кетпесе, кем түспейтін ақшаға қоғамдық көлік сатып алу туралы шешім қабылдады. 2024 жылы әкімдік қанша жұмсайтыны Factcheck.kz редакциясы анықтап көрді. 

Биыл Алматы қаласының мобильділік басқармасы жаңа автобус сатып алу туралы бес конкурс жариялады. Жалпы, басқарма 600 көлік сатып алуды жоспарлап отыр. Ең ірі тендерді Hyundai Trans Auto компаниясы жеңді. Ол әкімдікке 28 890 000 000 теңгеге ұзындығы 12 метрлік 321 автобус, тағы бір конкурс бойынша 4 408 000 000 теңгеге ұзындығы 18 метр 29 автобус береді. Кәсіпорынға барлығы 33 298 000 000 теңге төленді.

Еске салайық, Hyundai Trans Auto - "Astana Motors" тобының кәсіпорны. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін алты ай ішінде көліктер автопаркке жеткізілуге тиіс. Тендерлік сипаттамада модель көрсетілмегеніне қарамастан, әңгіме Golden Dragon автобустары туралы шығар деп болжауға болады.

Қалған үш тендер Қарағанды ​​облысындағы зауытта Yutong көлік жинақтарынан автобустар мен электр автобустарын құрастыратын QazTehna компаниясына берілді. Кәсіпорын әкімдікке 13 273 600 000 теңгеге ұзындығы 12 метр 136 автобус, 5 942 700 000 теңгеге ұзындығы 10 метр 71 автобус және 3 229 300 000 теңгеге 9 метрлік тағы 43 автобус береді. Жалпы ұйым 22 515 600 000 теңге табыс табады екен. Бұл көліктер де келісімшартқа қол қойылғаннан кейін алты ай ішінде автопаркке жеткізілуі керек.

Техникалық ерекшеліктен белгілі болғандай: барлық автобус сығылған табиғи газбен жүруі керек, эко стандартқа сай, ішінде кондиционер, бейнекамера мен электронды дисплей болуға тиіс. Есептеп қарасаңыз, 2024 жылы Алматы үкіметі жаңа автобус сатып алуға барлығы 55 813 600 000 теңге жұмсамақшы.

Бұл ретте 2023 жылдың соңында Алматы әкімі Ерболат Досаев автобус паркі қазірдің өзінде 1 150 экологиялық таза жаңа автобустармен жаңарғанын, оның 600-ін қала билігі, 550-ін жеке тасымалдаушылар сатып алғанын айтты. Сондай-ақ, Досаевтың айтуынша, "11 жылда алғаш рет" 100 троллейбус сатып алынған, биыл тағы 100 троллейбус сатып алу жоспарланған. Биыл сол жүз троллейбусті 15 920 000 000 теңгеге QazTehna жеткізіп береді.

Билік автопарктың жаңаруын дизельдік автобусқа тыйым салумен және жаңа энергия көздеріне көшумен түсіндіреді. Сондықтан бұл қоғамдық көлікті сатып алудың соңы болмауы әбден мүмкін. Сонымен қатар, 2023 жылғы тамызда қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев 2025 жылға дейін 2 680 автобус пен 200 троллейбус сатып алу жоспарда бар екенін хабарлады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, былтыр әкімдік автопаркті айтарлықтай жаңартты. Одан кейін қала басшылығы 600 автобус сатып алуға жалпы сомасы 53 648 000 000 теңге бөлді. Жеткізушілер өзгермегенімен, автобустың саны мен сомасы өзгерді. Бір жылда көліктің жалпы құны 2 165 600 000 теңгеге өсті.

2023 жылы Hyundai Trans Auto қалалық мобильділік басқармасынан ұзындығы 18 метрлік 60 автобус, ұзындығы 12 метрлік 200 автобус және ұзындығы 10 метрлік тағы 40 автобус жеткізу үшін 28 348 000 000 теңге алған-ды. QazTehna 170 дана 12 метрлік автобус, 100 дана 12 метрлік автобус және 30 дана тоғыз метрлік автобус үшін 25 350 000 000 теңге алды.

Қалалық автобустардан бөлек, сол жылы қала басшылығы 4 676 800 000 теңгеге тағы 100 жаңа мектеп автобусын сатып алды. Көліктің екі түрі сатып алынды: 41 орындық және 21 орындық автобус. Көлемі үлкен автобус - 2 731 800 000 теңге, ал кішірегі - 1 945 000 000 теңге. Әкімдікке үлкен автобустарды сол "Hyundai Trans Auto", ал кішірек автобустарды "Allur Auto Astana" ЖШС берді.

2023 жылы жаңа автобустардың сатып алынуы жұрттың ғана емес, мемлекеттік қызметкерлердің де сынына қалды. Қала іргесіндегі Жетіген ауылында сол кезде 823 көлік сақталған "автобус зиратының" ашылуы да назардан тыс қалған жоқ. Одан кейін қала басшылығы автобустарды жөндеуге неге тырыспады деген сұрақ қызу талқыға түсті. "Алматыэлектротранс" мұны экологиялық таза көлік түріне көшумен байланысты деп жауап қатты.

Былтыр Алматы әкімдігінің жаңа "зиратты" жалға алуға 175 000 000 теңгеге келісім-шарт жасағаны жағдайды ушықтырды. Әңгіме қала ішіндегі немесе қаладан 50 шақырымнан алыс емес 4,9437 гектар жер туралы еді. Билік оны 2025 жылдың соңына дейін жалға алды. Олар көлік тұрағын екі метрлік қоршаумен, темір қақпамен қоршап, айналасына бақылау камераларын орнатпақ болған.

Бір қызығы, Ерболат Досаев "зиратты" жалға алу 150 миллион теңгеге жеткен жоқ деп айтты.

Техникалық ерекшелікте пайдалану мерзімі біткен көліктерді жинау және сақтау үшін 5 гектар аумақ қажет екендігі көрсетілген. Онда барлығы 1 123 көлікті сақтау жоспарланған. Бұл туралы Жетіген ауылынан 923 автобус, "Шығыс" автопаркінде 200 бірлік және "№1 троллейбус паркінен" тағы 100 бірлік көлік тасымалдауға "Алматыэлектротранс" мекемесі жасаған 125 000 000 теңгеге басқа келісім-шартта көрсетілген. Жалпы алғанда, мемлекеттік сатыпалым порталының деректеріне сүйенсек, жаңа "зиратқа" билік 300 000 000 теңге жұмсаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек