Бұрын қазақ қарыз алып той жасаған ба?

Қарыз алып той жасауға бола ма? Ақын әрі жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы бұрын қазақ қарыз алып той жасағанын, алайда ысырапшылдыққа жол бермегенін айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Той – қазақтың қазынасы. Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүлерінің 80-90 пайызы тойға негізделген. Кез келген ұлттық ойын мен мәдениетіміздің бөлшектерін алып қарасақ, әр жағында той тұрады. Сондықтан қазақ дүниенің құнын тоймен өлшейтін. Содан "той болсын", "тойда жолығайық" деген сөздер қалған. Себебі, бұл халқымыздың көшпелі өміріне келісті салт еді. Мәселен, енді көшіп келген адам ерулік береді, оған кейін жауапқа қарулық беріледі. Рухани құндылықтарымыздың көбі, фольклорларымыз және этнографиялық мәдениетіміз де тойдан бастау алады. Сол себепті тойды жаман нәрсе қылып көрсетуге болмайды. Мәселе тойды біз қалай пайдаланамыз? Кез келген нәрсенің ек жағы барын түсінуіміз керек", - деді Серікзат Дүйсенғазы. 

Профессор бүгінгі таңда тойды дұрыс пайлансақ - қасиет, ал бұрыс пайдалансақ – қасірет екенін атап өтті. 

"Ағайын арасындағы ауызбіршілік нығайып, салт-дәстүріміз мен мәдениетіміз одан әрі жаңғыратын болса, ол той – ырыс. Ал егер той мақтану үшін жасалса, жұрттың қарны ашып отырғанда ағайын арасына келіп ақша шашылса, ол әрине ысырып болады. Қазіргі таңда әлеуметтік желіден  нешетүрін көріп жатырмыз ғой. Біз қазіргі таңда тойдың мәдениетін қалыптастыра алмай жатырмыз. Тәуелсіздік алған соң той жасау бәсекесі басталып кетті. Өзін бай, жағдайы жақсы екенін көрсеткісі келетін азаматтар пайда болды. Соның кесірінен той мәдениеті бұзылып, сүйкімсіз көрініп қалып жатыр", - деді ол. 

Серікзат Дүйсенғазы жағдайы келмей тұрса да, үлкен мөлшерде кредит алып той жасайтындарға қатысты пікір білдірді. 

"Қарыз алып, үйленетін адамдар болған. Қазақта "қарыз алда қатын ал, қатының қалар жаныңда" деген мақал іспеттес сөзі де бар. Иә, той – адамның абыройы үшін жасалады. Алайда жағдай болмай жатса, абыройдың қамы үшін деп үлкен мөлшерде кредит алып, кейін төлей алмайтын болса, жасамаған жөн. Дәстүріміз бізді ондайға мәжбүрлемейді. Одан гөрі ағайын-туысты шақырып, атап өтуге де болады. Намысқа тырысамын деп алды-арты қарамай қарызға кірудің керегі жоқ. Ондай тойдың болмағаны жақсы, өйткені ондай жағдай енді отбасын құрған жастардың болашағына балта шабады. Тойдың қамын жасап барып үйленген дұрыс", - деді филология ғылымдарының кандидаты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!