"Опералия-2024" әлемнің 9 елі жұлдыздарының басын қосады

31 мамырда елордада "Опералия" халықаралық музыкалық фестивалі ашылады. "Астана Опера" сахнасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен  Грузия, Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Украина мен Чехиядан танымал әртістер қатысатын жиырмадан астам қызықты іс-шара ұсынылады. Түрлі елдер мен дәуірлердің мәдениетін біріктіретін мәдени марафон 31 мамырдан 13 шілдеге дейін жалғасып, көрермендерге опералық қойылымдар, балеттер мен концерттік өнер көрсетулерді қамтитын мазмұнды бағдарлама ұсынады.

Театрымыздың сахнасында  "Опералияны" осымен екінші жыл өткізгелі жатқанымызды мақтан етеміз. "Опералия-2024" әлемдік ауқымдағы өнер көрсетулерді ұсынатынына еш күмән жоқ. Сонымен, оның ашылуында елорда тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық әртістермен қатар, италиялық әншілер – сопрано  Дезире Ранкаторе, баритон Альберто Газале, тенор Джулио Пеллигра, дирижер әрі бағдарлама авторы Джузеппе Акуавива өз өнерлерін тарту етеді, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері "Астана Опера" директоры Ғалым Ахмедьяров.

Фестиваль аясында опера мен балет өнерінің озық үлгілері көрсетіледі. Бағдарламаға әрқайсысы ерекше назар аударуға тұрарлық жарқын опералар енді: қазақ композиторы М.Төлебаевтың "Біржан – Сара" классикалық туындысы  ұлттық операның бай әлеміне есік ашады.

Дж.Пуччинидің "Турандот" әйгілі операсы Грузия, Украина және Чехиядан  шақырылған солистердің қатысуымен көрсетіледі.  Г.Доницеттидің "Махаббат сусыны" комедиялық операсының көрсетілуі фестивальге жеңілдік пен романтикалық көңіл күй үстейді. П.Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсы да Ресей мен Тәжікстаннан шақырылған солистердің қатысуымен өтеді.  

Балет өнерін сүйер қауымды бірегей қойылымдар күтеді. Сонымен, хореограф Ролан Петидің 100 жылдығына орай оның екі танымал балеті ұсынылады: М.Жаррдың "Париж Құдай анасының соборы" қойылымы мен Л.Делибтің "Коппелия" балеті.

Үлкен залда, сондай-ақ  К.Байсейітова атындағы Камералық залда жоспарланған концерттік бағдарламалар да бұдан қызықты болмаса, кем түспейді. Олардың қатарындағы "Дархан дала" ұлттық музыка концерті – Қазақстанның дәстүрі мен мәдениетіне бойлауға мүмкіндік. "Гала-операға" италиялық жұлдыздар қатысса, "Гала-балетке" ресейлік және қытайлық солистер шақырылды.

Бірегей премьера – қоюшы дирижер Алан Бөрібаевтың "Ерікті мерген" операсының концерттік орындалуы фестивальдің көркемдік сан алуандылығын айшықтайтын ғаламат финал болады деп күтілуде.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз