СҚО-да медицина қызметкерлері баспанасыз қалуы мүмкін

СҚО-да медицина қызметкерлері баспанасыз қалуы мүмкін
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

СҚО-да 20-ға жуық медицина қызметкері баспанасыз қалуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Петропавлдағы ауруханалар мен емханаларда еңбек етіп жүрген мамандар 10 жылдан астам уақыт тұрып жатқан дәрігерлер үйінен шығу туралы хабарлама алған. Қайда барарын білмей абдырап қалған олар тұрғын үй комиссиясының шешіміне наразы.

– Менің 3 балам бар. Бір бөлмелі пәтерде тұрып жатырмын. Үйден шығарып жатқанына наразымын. Себебі баратын жерім жоқ. Қазір  декреттік демалыстамын, – деді дәрігер Раушан Баймағамбетова.

Тұрғын үй комиссиясы өкілдерінің айтуынша, 14 жыл бұрын салынған «Дәрігерлер үйі» облыстық аурухананың қарамағында. Баспана сала мамандарына 5 жылға дейінгі қысқа мерзімге берілген. Мұндай шешім соңғы жылдары Петропавлға аудандар мен өзге өңірден маманның көптеп келуіне байланысты қабылданып отыр.

– 10 жылдың көлемінде тұратын дәрігерлерге ескерту бердік. Неліктен? Биыл келетін жас мамандар бар. Екі жылдан бері кезегін күтіп, пәтер жалдап жүрген дәрігерлер бар. Қазір 18 дәрігер тұрып жатыр. Оларға заңға сай, ескертілді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары Нұржан Тағаниязов.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина