Шымкентте берілгеніне үш-ақ жыл болған көпқабатты үй кешені қисайып жатыр

Шымкентте берілгеніне үш-ақ жыл болған көпқабатты үй кешені қисайып жатыр
Фото: видеодан алынған кадр

"Іргетасы ажырап, қабырғалары қақырады" деген жұрт ипотеканы төлеп бітпей, баспанасыз қаламыз ба деп қорқады. Нәжіс суынан тазартылмайтын жертөлесін тарақан мен шыбын-шіркей басқан. Бұл жолы үйді салған мердігерді шақырған тұрғындар құрылыс компаниясына мәселені төтесінен қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Стандард Сити" деп аталатын тұрғын үй кешенінің құрылысына үлескер ретінде ақша салып, үш жыл бұрын баспаналы болған тұрғындар енді мұнда жолағанына өкініп жүр. "Үйдің жертөлесі нәжіс суға толып, шыбын-шіркей мен тарақан басты" дейді. Сондықтан жұрт апта өтпей ақша жинап, "Өзіміз тазалауға мәжбүрміз" деп налиды.

Үйдің қасбетіндегі жабындылар мен суағарлар да титтей желге ұшатынын айтқан тұрғындар, ауа райы қолайсыз кезде аулада жүру қауіпті деп отыр. Ең сорақысы, үйдің іргетасы ажырап, көпқабатты тұрғын үй біршама қисайғанын айтады.

"Кафелі түсіп қалған. Үйдің іші-сыртында да сапа жоқ. Ішінің қабырғалары сөгіліп кеткен. Оны қалай жамайды, тұрғызады, мен түсінбеймін. Үй кәдімгідей қисайып тұр. Алдында да қисық болатын. Одан кейін мүлдем қисайды, тіпті көзге түсе бастады", - дейді Шолпан Алпысбаева.

Үйдің жертөлесінен бастап аралаған мердігер бірде-бір айыппен келіспей отыр. Құрылыс жобасы бойынша салынғанын айтқан ол "бетонды аяған емеспіз" дейді. "Су жіберетін құбырларды біз емес, ПИК істеуі керек" деген мердігер қабырғадағы жарықтар "Жоспар бойынша жарылып жатыр" дейді.

"Үйдің іргетасынан бастап, қабырғасына дейін болаттай берік. Кез келген құрылыс салынған соң, бірер жылда отырады. Ол қорқынышты емес. Біз бұл үйлерді зерттеп, арнайы мамандарды да шақыртқанбыз. Үйде тұру қауіпсіз. Ал қасбетіндегі ұшқан жабындыларды біз ауыстырып береміз", - дейді "Оңтүстік Құрылыс Сервис" компаниясының бас инженері  Дмитрий Махотин.

Мердігерлер осыған дейін үйдің ауласы мен ішіндегі ақауларды анықтап, 13 түрлі жұмысты бүгін-ертең бастайтынын айтады. Яғни оларға сенсек, шілденің соңына дейін су кетіп жатқан тұстарды мықтап бекітіп, ауланы абаттандырып береді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан