"Хиджаб - тұрмысқа тезірек шығуға көмектесетін құрал". Орамалды арулардың күрт көбеюінің салдары қандай болмақ?

Бүгінде елімізде орамалды арулардың саны айтарлықтай артқан. Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әр адам қандай киім киіп, қай дінді ұстанатынын өзі таңдайды. Алайда кей кездері бұл қоғам арасында белгілі бір кикілжіңнің туындауына әкеп соқтыруы мүмкін. Мысалы, бұған дейін бірнеше рет кәмелеттік жасқа толмаған оранған қыздардың білім беру орталықтарында жүруіне қатысты мәселе туған болатын. Қоғамның дінге бет бұруы бұдан басқа қандай мәселелердің тууына түрткі болуы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын Massaget.kz тілшісі дінтанушы Елнар Берікбаевтан сұрап көрді.

Елнар Берікбаев шынымен де Алматының өзінде орамалды арулардың көбейгеніне назар аударды. Ол тіпті бұл үдерістің кейінгі кездері тудырып жатқан қиындықтарына да тоқталды.

"Қаланың медициналық колледждері мен университеттерінде білім алатын студенттер өндірістік тәжірибе кезінде ер адамды тексеруден бас тартып жатыр. Өйткені бұл олардың түсінігі бойынша дұрыс емес. Шариғатқа сәйкес, әйел мен ер адам некесіз бір-біріне қол тигізуге, тексеруге, бөлмеде жалғыз қалуына болмайды. Ал ол білім алушылардың оқуының ақысы мемлекеттік бюджет есебінен төленетінін ескерсек, бұл үлкен мәселе болуы мүмкін екенін түсінуіміз қажет. Қазір көптеген студент грантта оқиды, олар кейін мүлде ер адамдарды емдеуден бас тартуы әбден мүмкін. Олар "біз тек әйелдерді қабылдаймыз" десе, билік не істей алады? 

Бұдан бөлек, бәріне белгілі, бүгінде педагогикалық университеттерде стипендия көтерілді, осыған байланысты жастар мұғалім мамандығына көп түсіп жатыр. Иә, олар оқуға түседі, кейін мектепте тәжірибеден өту кезінде қиындық туындауы мүмкін. Өйткені мектепте орамал тағуға болмайды, сәйкесінше, олар тәжірибеден тиісті түрде өте алмайды. Бұл орамалды арулардың көбеюінің алғашқы салдарлары", - деді ол.

"Мемлекеттің зайырлы екеніне наразылығын білдіреді"

Дінтанушы діни киім киюдің негізі ешқандай қаупі жоқ екенін түсіндірді. Бірақ, оның айтуынша, кейбір адамдар орамал тағып, хиджаб киіп қана қоймай, өмірлік ұстанымдарын да өзгертіп, зайырлы мемлекеттің көзқарасына наразылығын білдіре бастайды.

"Мысалы, дінге бет бұрған кейбір адамдар ұлттық салт-дәстүрді ұстанудан, мемлекеттік және ұлттық мерекелерді тойлаудан бас тартады. Сондай-ақ, біз кез келген хиджаб киген қыздың болашақ ана екенін ұмытпауымыз керек. Олар балаларына ерте жастан орамал таққызып, баланы өздері қалаған өмірлік ұстаным бойынша тәрбиелейді", - деді маман.

"Шариғат бойынша басқару нысаны әйелді барлық құқынан айырады"

Сонымен қатар, маман кейбір әйелдер мен бойжеткендердің шариғат бойынша басқару нысанының әйелді толықтай құқынан айыратынын түсінбейтінін айтады.

"Қоғамда мемлекеттің қазіргі басқару нысанына назары әйелдер де бар. Олар шариғат бойынша басқару нысанының әйелді барлық құқынан айыратынын түсінбейді. Әйелдер күйеуі немесе ағасының рұқсатынсыз немесе жалғыз мүлде көшеге шыға алмай қалады. Көбісі қазіргі кездегі құқықтарын жоғалтады. Білім алу, интернетке кіруге мүмкіндік, қандай да бір ойын-сауықтың барлығы да әйел үшін жабылады. Әйелдер ең алдымен осыны түсінуі керек", - деді ол.

"Тезірек тұрмысқа шығу үшін хиджаб киетіндер де бар"

Елнар Берікбаев кейбір қыздар орамалды тезірек тұрмысқа шығуға көмектесетін құрал ретінде көретінін жеткізді.

"Орамалды өзінің діни наным-сеніміне сүйеніп киетіндер бар. Орамалды тезірек тұрмысқа шығу үшін қолданатын қыздар да жоқ емес. Өйткені қазіргі кезде қоғамда оранған, діни көзқарасты ұстанатын қыздарға сұраныс жоғары. Орамал тағу арқылы олар өздерінің тазалығын көрсеткісі келеді. Әрине, бұл бәріне бірдей қатысты емес", - деп түсіндірді маман.

"Көпәйелділік жетімдерді көбейтуі мүмкін"

Дінтанушы көп әйел алу тақырыбына да тоқталды. Оның сөзінше, көптеген хиджаб киетін қыз екінші, үшінші әйел, тоқал болуға қарсы емес. Бұл енді ғана тарап жатқан үдеріс, недегенімен көпәйелділік Қазақстан Республикасының заңына қайшы екенін есте ұстаған жөн.

"Әдетте көпәйелділікті ұстанатын отбасыларда балаларға жеткіліксіз көңіл бөлінеді. Мысалы, ер адамның 3 әйелі болса, 24 сағат әр әйел мен оның балаларына уақыт бөлу үшін жеткіліксіз. Бұл қызғаныш пен ренішке әкеп соқтырады.

Бұдан бөлек, тәуекелдің де бар екенін ұмытпау керек. Егер 3 әйелі бар ер адам қайтыс болатынын болса, сәйкесінше, 3 отбасы асыраушысынсыз қалып, күн көруі қиындайды. Өйткені, көбінесе көп әйел алатын еркектер әйелдерінің білім алуына, жұмыс істеуіне қарсы. Әйелдер күні бойы балаларының жанында, үйде отырады. Көп әйел алған ер адам қайтыс болса, қаншама бала да жетім қалады", - деді ол.

"Діни көрқарастағы отбасылар жас баласын мәжбүрлейді"

Оған қоса, маман діни көзқараспен өмір сүретін отбасылардың балалары ерте жастан хиджаб киіп, намаз оқитынын тілге тиек етті. 

"Егер шындыққа тура қарайтын болсақ, бұл баланың өз таңдауы емес, ата-ана тарапынан көрсетілетін қысым мен жүргізілетін насиғаттың нәтижесі екенін түсінеміз. Менің ойымша, бұл дұрыс емес, әр бала қалай өмір сүргісі келетінін өзі таңдауы қажет. Ата-ананың бұл жолда көрсете алатын жалғыз көмегі - балаға діни көзқарастағы және атеист адамдардың барын, әлемде әртүрлі дін барын, бұл қалыпты жағдай екенін түсіндіру ғана. Баланың ақыл-есі жетіліп, кәмелеттік жасқа толғанда діни жолға түсемін десе, ата-ана оны қолдауы қажет. Ешқандай жағдайда баланы мәжбүрлеуге болмайды", - деді ол.

Елнар Берікбаев көпәйелділіктің тағы бірнеше салдарын тізді.

"Көп әйел алу - құндылықтар дағдарысының белгісі. Біздің ата-аналарымыз бірге жұмыс істеп, бірге аяққа нық тұрып, өмір сүру деңгейін жақсарту арқылы барлық жетістікке бірге жеткен. Ал қазір жастар бірден дайынды иемденгісі келеді. 

Егер көп әйел алу жағдайы көбейе беретін болса, 40-50 жаста аға буын өкілдері жас қыздарды 2-3 әйелі қылып алады. Ал 30 жасқа толмаған жас, дені сау жігіттер үйлене алмайды, өйткені бәрі бай еркекті таңдайды. Бұл да бір мәселе", - деп қорытындылады маман.

Тағы да оқи отырыңыздар: Бас ауруының психосоматикалық себебі қандай?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!