"Бәйтерек" ҰБХ қазақстандықтардың баспаналы болуына тікелей атсалысып отыр

Кез келген азаматтың бас қайғысы - баспана. Бүгінде қазақстандықтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі - мемлекет деңгейіндегі басты міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеулерінде осы мәселені бірнеше мәрте көтерген еді: "тұрғын үймен қамтамасыз ету - мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы басымдық. Азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне бірінші кезекте назар аударылады". Биыл наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да Президент "Баспана - жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш" деп маңызды міндет жүктеді.

"Бәйтерек" холдингі мен оның еншілес ұйымдары елімізде тұрғын үй саясатын оңтайлы жүргізілуіне тікелей атсалысып, маңызды жұмыстар атқарып келеді. 

depositphotos.com

  • Қазақстанда қанша адамның атында үй бар? 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 6 миллион 435 мың 175 адамның ғана жеке меншігінде бір тұрғын үйден (пәтері немесе жеке үйі) бар. Қазақстанда 20 миллионнан аса адам тұрады. Кейінгі санақ бойынша елде 6,6 миллион бала бар. Демек, елімізде баспанасы жоқ қазақстандықтардың саны шамамен 6,9 миллионға жуықтайды. Ал баспана бағасы шарықтамаса, бір орында тұрған жоқ. Ұлттық статистика бюросының кейінгі деректеріне сүйенсек, бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 1,6 пайызға, ал пәтерлерді қайта сату бағасы 0,1 пайызға өскен. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға беру бағасы былтырғымен салыстырғанда 3,1 пайызға өскен. Бұл деректер азаматтардың баспанаға қол жеткізуіне жағдай жасау қашан да маңызды мәселе екенін көрсетіп отыр.

depositphotos.com

  • Тұрғын үй саясатын іске асыруда "Бәйтерек" холдингінің рөлі

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі қазақстандықтардың баспана мәселесін шешуде маңызды жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Қазір 600 мыңнан аса қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, жеңілдікпен баспана алуға құқығы бар жандар бар. Бұл тұста "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы - "Отбасы банк" қазақстандықтардың баспанаға қол жеткізуіне тиімді жағдай жасап отырған сенімді банкке айналып отыр. 

Отбасы банкінің азаматтарға ұсынып отырған мүмкіндігі ұшан-теңіз. Нарықтағы ипотекалардан ерекшелігі - қазақстандықтар ешқандай мемлекеттік бағдарламаларға қатыспаса да, жылдық 3,5 пайыздан (ЖТСМ 3,6-дан 4,4 пайызға дейін) 5 пайызға (ЖТСМ 5,1-ден 6,9 пайызға дейін) дейінгі мөлшерлемемен несиеге тұрғын үй сатып ала алады. Бұл тәсіл ипотеканың қолжетімді болуына, сонымен қатар, азаматтарды артық шығыннан сақтандыруға көмектеседі. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі іске қосылған уақыттан бері 516 674 отбасы осындай тиімді тәсілмен баспаналы болды.

depositphotos.com

  • Қазақстанда қандай тұрғын үй бағдарламалары бар?

Бүгінде елімізде әртүрлі мамандық иелеріне, түрлі жастағы азаматтарға өз баспанасын сатып алуға көмектесетін бағдарламалар іске қосылған. Соның ішінде жастарға ұсынылып отырған өте тиімді мүмкіндіктердің бірі - "Алматы жастары", "Елорда жастары" секілді бағдарламалар. Бұл жобаларды Отбасы банкі облыстық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп ұйымдастырады. Алғаш рет бұл бастама еліміздегі ірі мегаполис Алматы қаласынан басталып, кейін елорда мен өзге қалаларда да жалғасын тапты. Осылайша, 7 жылға жуық уақыт ішінде 5000 қазақстандық баспаналы болды.

Отбасы банкі бұл бағытта 22,8 миллиард теңге, ал жергілікті әкімдіктер 75,8 миллиард теңге бөлді. Бағдарлама Алматы, Астана қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып келе жатыр. Мәселен, былтыр "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1 100 азамат баспаналы болды.

Бұл бағдарламаларға 35 жасқа дейін (35 жасқа толғандарды қоса алғанда) қазақстандықтар өтінім бере алады. Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінде тұрғын үй, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй болмауы ескеріледі. Қатысушының мына мамандықтар бойынша міндетті зейнетақы аударымдарымен қоса, кем дегенде кейінгі 6 ай ішіндегі ресми жұмыс өтілі болуы қажет: денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО-лар және ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары және қалалық коммуналдық қызметтері.

©Tengrinews.kz

2023 жылдан бастап баспаналы болғысы келетін қазақстандықтарға тағы бір мүмкіндік жасалды. Осы жылдан бастап азаматтар "жасыл стандарттар" бойынша салынған, энергия үнемдейтін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға несие ала алады. "Жасыл ипотека" бойынша бастапқы жарна - 20 пайыз. Пайыздық мөлшерлеме - 12,5 пайыз (ЖТСМ 13,3 пайыз бастап), алайда 10 жылдан кейін ол төмендейді. Осы кезең аралығында қарыз алушының ай сайынғы төлемдері екі бөлікке бөлінеді. Төлемдердің бірінші бөлігі несиені өтеуге, ал екіншісі депозитті толықтыруға кетеді. Депозитке жинақталып жатқан алғашқы жарна 20 пайыздан 50 пайызға дейін жеткенде, "Отбасы банкінің" клиенті тұрғын үй заемына ауысады. Бұл - жинақталған қаражат ипотеканы өтеуге жұмсалып, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме бағалау көрсеткішіне байланысты 3,5 пайыздан 5 пайыз (ЖТСМ 3,6 пайыздан бастап) аралығында төмендейді деген сөз. "Жасыл ипотека" бойынша несиенің ең жоғары сомасы 35 миллион теңгеге дейін жетеді. Несие тек жаңа баспана сатып алу үшін беріледі. Тұрғын үйді ӨМІР, Р МЕМСТ, BREAM немесе LEED стандарттарына сәйкес сертификаты бар нысандардан ғана сатып алуға болады.

Отбасы банкінің жеке компаниялар, кәсіпорындар, коммуналдық ұйымдардың қызметкерлеріне де тиімді бағдарламасы бар. Бұл "Корпоративтік" өнім деп аталады. Несие жылдық 5 пайыздан 8 пайыз мөлшерлемесімен, 0 пайыздан 10 пайызға дейінгі бастапқы жарнамен беріледі. "Корпоративтік" өнімді пайдалану үшін ұйым өз қызметкерлерінің несиелерін қаржыландырып, қаражат бөлуі керек. Мысалы, заңды тұлға қаржыландыру сомасының 100 пайызын бөлсе, онда несие алушы үшін мөлшерлеме 5 пайыз болады. Бастапқы жарна 0 пайызға тең. Корпоративтік өнімнің көмегімен "Қаражанбасмұнай", ERG, НЗМ компанияларының қызметкерлері, Қарағанды облысының кеншілері мен металлургтері баспаналы болды.

Банк ғалымдардың да баспаналы болуына арналған тиімді жағдай қарастырған. Жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы - ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тұрғын үйге мұқтаж ғылыми қызметкерлеріне берілетін қарыз. Олар бұл тәсілмен бастапқы және қайталама нарықта тұрғын үй сатып ала алады. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 5 пайыз (ЖТСМ 5,2 пайыздан бастап 5,5 пайызға дейін). Тұрғын үй қарызының мерзімі 25 жылға дейін, ал шекті сомасы 20 000 000 теңгеге дейін жетеді. Бастапқы жарна - шарттық сома мөлшерінің 10 пайызынан бастап 50 пайызына дейін. Алдын ала қарыз мерзімі — 6 ай - 8 жыл. Қарыз сомасының 50 пайызын жинақтаған соң қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 3,5 пайыздан (ЖТСМ 3,6 пайыздан бастап 4,4 пайызға дейін) 5 пайызға дейін (ЖТСМ 5,1 пайыздан 6,9 пайызға дейін) төмендейді.

Бүгінде баспана мәселесі жастар үшін қалалы жерлерде ғана емес, ауылдарда да өзекті мәселеге айналып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес "Дипломмен - ауылға" жобасының сенімді агенті болып "Отбасы банк" тағайындалған. Жоба аясында тұрғын үй сатып алуға немесе үй салуға несие беріледі, сонымен қатар, көтерме жәрдемақы төленеді. Азаматтардың уақытын үнемдеу, оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін "Дипломмен - ауылға" жобасы цифрлық форматқа ауыстырылған. Ал бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан, онда түрлі кәсіппен айналысатын кез келген жастағы қазақстандық қатыса алады. Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01 пайызға тең (ЖТСМ жылдық 0,01 пайыздан басталады). Несиенің ең көп мерзімі - 15 жыл. Басты талап жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.

Биыл Отбасы банк "Наурыз" бағдарламасын іске қосты. "Наурыз" бағдарламасының негізгі шарттары мынадай:

  • Алғашқы жарна - 20 пайыз;
  • Тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін несие мөлшерлемесі - 7 пайыз;
  • Осал топқа жатпайтын азаматтар үшін несие мөлшерлемесі - 9 пайыз;
  • Несиенің мерзімі - 19 жыл;
  • Отбасы банкінің депозитінде кемінде 1 миллион теңге жиналуы тиіс;
  • Қарыздың ең жоғары мөлшерлемесі Астана, Алматы қалаларында 36 миллион теңге, ал қалған өңірлерде 30 миллион теңге.

Сондай-ақ, берген өтінім бойынша ұпай беріледі. Көп ұпай жинаған азамат үй алу тізіміне енеді:

  • Салым бойынша сыйақы мөлшерінің әрбір 1 мың теңгесіне 1 ұпай;
  • Некеде болса - 5 ұпай;
  • Балалары болса – 10 ұпай (мұнда балалардың санына назар аударылмайды);
  • Баспана кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы деген мәртебе болса - 10 ұпай;
  • 35 жасқа дейінгі жастарға - 5 ұпай.

depositphotos.com

Бағдарламаға ҚР азаматтығы немесе қандас мәртебесі бар азаматтар қатыса алады. Өтініш берген кезде қатысушының жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы керек; оған қоса 6 ай ішінде ресми табысы болуы тиіс. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жылда тұрғын үй болмауы тексеріледі. Отбасы мүшелеріне күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде тұрмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоғы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғын тексермейді. Бір салымшы/отбасы бағдарлама шеңберінде тұрғын үйді бір реттен артық сатып ала алмайды. Бағдарламаға ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады.

depositphotos.com

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда 1 наурыздан бастап іске қосылған "Отау" ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтып, оң баға берді. Сондай-ақ, "Отау" бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу және жөндеу үшін ақша алуға болады. Бірақ несиенің жалпы сомасы рұқсат етілген ең жоғарғы сомадан аспауы маңызды, бұл Алматы, Астана қалалары үшін 30 миллион теңгеге дейін жетсе, қалған өңірлер үшін 18 миллион теңге болады. Жөндеуге берілетін қарыз несиенің жалпы көлемінің 30 пайызынан аспауы тиіс.

"Отау" бағдарламасы бойынша несие талаптары:

  • бастапқы жарна 20 пайыздан басталады;
  • несие бойынша мөлшерлеме - 9 пайыз (ЖТСМ 9,2 пайыздан бастап);
  • несие мерзімі 19 жылға дейін.

Заем сомасының 50 пайызы жинақталғаннан кейін мөлшерлеме жылдық 3,5 пайыздан (ЖТСМ 3,6 пайыз бастап 4,4 пайызға дейін) жылдық 5 пайызға (ЖТСМ 5,1 пайыздан бастап 6,9 пайызға дейін) төмендейді. Заемның ең жоғары сомасы Астана, Алматы қалалары үшін 30 миллион теңгеге дейін, ҚР қалған өңірлері үшін 18 миллион теңгеге дейін. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе қандасы мәртебесі бар азаматтар қатыса алады. Өтініш берген кезде қатысушының жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы керек. Қатысушының соңғы 6 ай ішінде ресми табысы болуы, қатысушыда, оның отбасы мүшелерінде (18 жасқа дейінгі балалар) соңғы 5 жыл ішінде кез келген жылжымайтын мүлік болмауы ескеріледі. Бір салымшы/отбасы бұл бағдарлама шеңберінде тұрғын үйді бір реттен артық сатып ала алмайды.

  • Тұрғын үй бағдарламалары қаншалық цифрландырылған?

Бүгінде азаматтарға тұрғын үй бағдарламаларына өтінім беру, баспана алу процесі мейлінше оңтайландырылған. Себебі Отбасы банкі бірқатар қызмет түрін цифрландырған. Бұл бір жағынан сатып алу процесін жеделдетсе, екінші жағынан бәрі әділ, ашық өтуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, бағдарламаларға қатысушылар (мәселен, "Наурыз" бағдарламасына қатысушы - еск.) пәтерді Baspana Market-тен таңдайды. Үйді осы жерден брондайды. Бұл қызмет тұрғын үй бағасын қолдан өсіруге жол бермейді. Төлем қабілетін растаған соң қаланы аралап, құрылыс компанияларының сату бөлімдеріне барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Барлық үй Baspana Market порталында тұр. Осы үйлердің бірін таңдай алады. Одан бөлек өтініштер де "Баспана маркет" (Оtbasybank.kz) порталында қабылданады. Ал өтініш беруішінің бағдарлама талаптарына сай келетіні немесе сай келмейтіні автоматты түрде анықталады. 

Сондай-ақ, "Отау" және "Наурыз" бағдарламаларына қатысушылардың тізімдері "Отбасы банкінің" ресми сайтында жарияланады.

                     Материалды "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ ұсынған

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!