"Біздің елде ауыруға болмайды". Белгілі журналист Қазақстан медицинасына наразылығын жеткізді

"Біздің елде ауыруға болмайды". Белгілі журналист Қазақстан медицинасына наразылығын жеткізді
Фото: Видеодан алынған кадр

Танымал журналист Шах-Керім Кәрменов әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның медицинасына наразылығын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол өзі емделіп жатқан қалалық ауруханадағы кемшіліктерді атап өтті.

"Біздің Қазақстанда ауыруға болмайды. Бүгін он үшінші күн болды ауруханада жатқаныма. Алматы қаласының теміржолшылар ауруханасы, №8 емханасындамын. Не деуге болады? Ауру өте қымбат. Екіншіден, дұрыс күтімге ие боласыз ба, жоқ па, ол да белгісіз. Мынау еміңіз біткен соң шақыратын белгі. Алайда мына емім біткелі бір сағат болды, әлі ешкім келмеді. Сасқанымнан өзім тамырымнан шығарып тастадым. Әлі ешкім келген жоқ. Осындай дүниелер жүрегіңді ауыртады. Қалай қалалық дәрежесі бар Алматы қаласының науқастарды емдейтін ауруханасының кәдімгі смарт атты қан қысымын өлшейтін электронды құрылғы қалай болмауы мүмкін? Бағасы қатты қымбат деп айта алмаймын. Қарапайым УЗИ неге жоқ?", - деді журналист.

Журналист елімізде қазақтарды жоқ қылуға байланысты саясат жүріп жатқан секілді деген өз болжамын да атап өтті.

"Аурухананың 90 пайызы мені таниды. Соның өзінде нәтиже осындай. Менің ойымша, Қазақстанда қазаққа қарсы бір саясат жүріп жатқан сияқты. "Бұларды жоқ қылайық" деген секілді. Мұндай немқұрайлылықты айта алмаймын. "Мемлекеттің ең үлкен құндылығы - адам" дейміз. Алайда күмәнім бар. Ең үлкен құндылығы - ақша деп айтар едім. Шәкәрім заманынан бері ештеңе өзгермеген", - деп жазды ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы