94 жастағы зейнеткер әйелін ұрып, үйін жарып жіберген: көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Петропавлда әйелімен жанжалдасқан 94 жастағы қария өзін өлтірмек болып газ баллонын жарып жіберді. Көршілері оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Олардың айтуынша, зейнеткер бақшасына картопты кімнің отырғызғанын ұмытып қалып шу шығарған көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Ол да 94 жаста. Денесі, аяқ-қолы түгел ұрылған екен. "Ұрсыстыңдар ма?" деп сұрадым. "Жоқ, ұрыс болған жоқ, "Гена, таңғы асқа кел" деп шақырып едім, ол "Кім менің бақшама кім картоп отырғызды" деп сұрады. "Сен өзің, Аня мен шөберең үшеуің салдыңдар" дедім. Ол мені ұра бастады, қолында балта, газ баллонын сүйрей жөнелді. "Қазір жарылады" деп қашып кеттік", - деді көршісі Галина Каменева.

Жанжал қала шетіндегі жер үйде болған. Көршілері екі рет гүрс еткен жарылысты естіген. Осы сәтте баспананың күлі көкке ұшып, өрт тұтанған. Жанұшырып жүгірген қарияның әйелі көршілерден көмек сұрапты. Әжейді 94 жастағы зейнеткер әбден сабап тастаған екен. Денесінде сау тамтығы жоқ ол қарияның газ баллонын жарғалы жатқанын айтқан. Көршілері полиция мен өрт сөндіру қызметіне хабар берген. Олар келгенше, үй түгел жанып кетті.

Ал газ баллонын жарған үй иесі басын аман алып шығып, қораға тығылып үлгеріпті. Оны құтқарушылар жедел жәрдемге тапсырған. Зейнеткер сол сәтте есін білгенімен, ауруханаға келген соң жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның денесінің 60 пайызын күйік шалған екен. "Жағдайы өте ауыр" дейді дәрігерлер.

"Беті, мойны, жамбасы түгел, иығы, қолының ұшына дейін түгел күйіп қалған.Әзірге болжам жасай алмаймыз. Жағдайы ауыр деп отыр", - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!