Эверестті бағындырған қазақ альпинистері баспаналы болды

Алматыда "Kazakh Everest Team" ұлттық-патриоттық экспедициясы қатысушыларымен баспасөз конференциясы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аты аңызға айналған қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, Анар Бурашева және Альмир Қымбатбайұлы бар "Kazakh Everest Team" қазақстандық командасы әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына сәтті шықты. Күрделі ауа райына қарамастан, қазақстандықтар 2024 жылдың маусымында ең биікке көтерілген алғашқы альпинистердің бірі болды. Басқа елдерден келген қатысушылардың арасында көтерілу барысында шыңға жетпей, лагерьге (8 000 м.) қайтқандары да болған. Команда өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып және барлық тәуекелді ескере отырып, алғашқы "ауа райы терезесін" қолданған. Бұл —муссондар қарсаңындағы салыстырмалы түрде қолайлы ауа райы орнап, тауға шығу мүмкін болатын күндер.

Экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, жорық басталар күннің қарсаңында түнде қар жауып, бағыттың кейбір қауіпті бөліктерін жасырып қалған.

"Бұл альпинистерге қосымша қауіп төндірді. Алысты көру мүмкіндігі шектелді, 8000 м. биіктен бастап өте қатты сиретілген ауа (альпинистер "өлім аймағы" деп атайтын биіктік) оттегі маскасын тағуды міндеттеді, өйткені ауада атмосферада болатын және адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажет оттегінің үштен бір бөлігі ғана болды. Бірақ зор тәжірибе мен дұрыс таңдалған құрал-жабдықтар қатысушыларды айтарлықтай қорғады. Біз экспедициямызды біртуар батырларымыз – Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнадық. Шыңда біз екі туды да көтердік – еліміздің туы және Рахымжан Қошқарбаевтың "Жеңіс" туын. Бұл жорықта мен Анар мен Альмирден мүлдем күмәнданбадым және олармен бірге Эверест шыңына шыққаныма қуаныштымын", - дейді Мақсұт Жұмаев.

Аталған экспедицияны Everest Development ұйымдастырған және компания команданың жорық кезіндегі барлық шығынын өз мойнына алып, Гималайда қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсеткен. Анар Бурашева Everest Development компаниясының Африканың ең биік шыңы Килиманджароны (5 895 м.) бағындыру бойынша экспедиция мүшесі болған. Сол көтерілудің өзі маңызды челлендж болды. Бұл экспедицияны да тәжірибелі тәлімгер әрі жаттықтырушы Мақсұт Жұмаев басқарған.

"Шыңға сәтті шығуымызбен бір-бірімізді құттықтап жатып: "Келесі жолы қайда? Бәлкім, бұдан да биігіне – Эверестке шығып, компанияның атын ұлықтармыз?" - деп айтқандарын еске алды Анар. – Сол сәтте Мақсұт, Альмир үшеуміз бір-бірімізге қарап, оны да бағындыра алатынымызды және бағындырғымыз келетінін түсіндік! Алматыға оралған соң кеңседе компаниямыздың басшылығымен сөйлестік, оған Альмир екеуміз Мақсұт Жұмаевты да шақырдық. Экспедицияны ұйымдастыру айтарлықтай шығынды талап еткенімен, басшылар идеямызды бірден қолдады. Осыдан кейін дайындықты бастап кеттік", - деді Анар Бурашева.

Шыңды бағындыру – физикалық және психикалық тұрғыдан қиын шаруа. Көтерілу қандай жанқиярлық пен батылдықты талап етсе, шыңнан түсу де дәл сондай табандылықты қажет ететіні анық. Команда шыңнан біртіндеп түсіп, күш жинап алу үшін лагерьде бір түн түнеді.

"Эверестті екі рет сәтті бағындырып келген тәжірибелі альпинист ретінде Мақсұт Жұмаев бізге жаттығу жоспарын әзірледі, дұрыс тамақтану жоспары бойынша ұсыныстар берді. Ол сондай-ақ команданың барлық киімі мен құрал-жабдығын өзі таңдап берді. Бастапқыда дайындық процесі бір жылдан астам уақытты алады деп жоспарланған. Бірақ жаттығу барысында Анар да, бәріміз де жақсы нәтиже көрсеттік, сондықтан команда жеделдетілген бағдарлама бойынша жаттықты, ал Килиманджаро шыңы Эверестке көтерілуге дайындық есебіне кірді", - дейді Эверестке көтерілген үшінші қазақстандық Альмир Қымбатбайұлы.

Айта кетейік, Everest Development компаниясының директоры экспедиция қатысушылары Мақсат Жұмаевқа, Анар Бурашева және Альмир Қымбатбайұлына пәтер кілттерін табыс етті.

Материалды ұсынған: Everest Development