"Жүктілікке дайын болмадым". Фариза Төреәлі онкологияға себеп болған сырқаты туралы алғаш рет ашып айтты

Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі "Мамский әңгіме" бағдарламасында алғаш рет онкологияға күдік болған кезі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, ол 4 жыл бойы жүктілікке дайын болмаған.

"18 жасымда тұрмысқа шыққан соң 4 жыл бойы жүктілікке дайын болмадым. Сол кезде бірден Дарханға айттым. Осы уақытқа дейін өз анам да, енем де сұрамапты. Тек қана оқырмандар сұрай беретін. Бірақ жүктілікке қатысты сұрақтар менің көңіліме тимейтін. Ағамның үлкен қызы Кәусар ерекше қыз. Америкада жүргенде маған Қағбаның, баланың суретін жіберді. Бірден хабарластым. "Сендер бала қалайсыңдар ма, Меккеге барып дұға етіңдер" деді. Сосын Дарханға айттым. Бірден қажылыққа Дархан билет алды. Меккеге барып дұға етіп сұрадым. Аз уақыттан кейін Алла нәсіп етті", - деді ол.

Бірақ блогер баланы дүниеге әкелгеннен кейін тексеріс қорытындыларында "өзгерістер" бар деп бірнеше күн перзентханадан шығармаған.

"Баланы дүниеге әкелгеннен кейін флюрографияға түсірді. "Өзгерістер бар" деді. Рентгенге, бәріне түсіріп, тексерістер жасадық. Перзентханадан шығарайын деп жоспарлаған күні маған "шығаруға болмайды" деді. Үйге бармағаныма көңілім түсіп кетті. Ешкім ештеңе айтпай жатыр. Мың түрлі процесс болды. "Онкология" деп маған айтты. Оның не екенін түсінбедім, мән де бермедім. Бар ойым балада болды. "Бәрі жақсы, Мама, неге жылайсыз" деп қоямын. Бірнеше күн перзентханада жаттым. Перзентханадан шығарған кезде бәрінің көңіл-күйі болмады. Тек мен ғана мәзбін. Дархан "болды, Түркияға кетеміз, тексерілу керек деп жатыр" деді. "Қызымды алып кетемін немесе қаламын" дедім. Келіспей жүрдім. Бір қарасам, бөлмеде көзінен жас ағып отыр. "Сені жоғалтып алуға қорқамын, сенсіз қалғым келмейді" деді. Оның көңілін сол кезде түсіндім. Бірақ 7 күн болған баламды тастап кететініме қиналдым. Түркияға кеткен себебіміз менен биопсия алу керек болды. Ал Қазақстанда оны алу үшін кеудені кесіп жасайды екен. Оған келіспедім. Сол үшін Түркияға кеттік. Қызым ата-енеммен қалды. Дина ол кезде жүкті еді, құрбым бәрі қасында болды. Түркияда 15 күн болды. Наркозбен ота болды. Лазермен бәрібір кеудені тесті. Бір емес, бірнеше ағзамнан тексеріс жасап, "рак клеткалары жоқ, таза" деді. Сөйтіп, 15 күннен соң елге қайтып келдім", - деді Фариза Төреәлі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!