Қазақстандық танымал әнші боқтық сөз айтқаны үшін қамауға алынды

Қазақстандық танымал әнші әрі актриса Фарема Қазақпаева ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап. 

Сот 6 мамырда Instagram-да Фарема Қазақпаеваның ұятсыз сөздер айтқан видео жариялағанын анықтады. Соттың мәліметінше, ол осылайша өзгелерді сыйламай, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін қазақстандықтарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады деп көрсетілген.

Сот Фарема Қазақпаеваны кінәлі деп тауып, 7 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Фарема Қазақпаева Caffeine қыздар тобының құрамында өнер көрсетті және "Жаңа жылға үш күн қалғанда" фильмінде басты рөлді сомдады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз