"Балалардың тілі орысша шығып жатыр". Депутат Үкіметтен көмек сұрады

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков бүгінде балалардың тілі орысша шығып жатқанын айтып, Үкіметтен көмек сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдады.

"Жеткіншек ұрпақты ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарына сәйкес тәрбиелеу тетігі – отандық анимацияны дамыту. Бүгінде қазақы ауылда туып, танымы қалыптасып келе жатқан балалардың тілі орыс немесе ағылшын тілінде шығуда. Бұған әсер ететін фактор көп. Оның ішінде YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор", - деді Данабек Исабеков.

Депутат бүгінде АҚШ, Германия, Франция, Англия, Жапония және Қытай анимацияға қомақты қаржы салып, саланың стратегиялық маңызын арттырғанын жеткізді.

"Оңтүстік Корея, Жапония мен Қытайда анимация ұлттық сипатта дамыса, Еуропа мен АҚШ-та ол коммерциялық бағытта бизнестің бір құралына айналды. Көрші Ресей балаларға арналған анимациялық фильмдерді идеология құралына айналдырды", - деді ол.

Данабек Исабеков отандық анимация дамымағандықтан балалар жат елдің идеологиясын бойына сіңіріп жатқанын ашына айтты.

"Балаларымыз жат ел идеологиясының құрбанына айналып, өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынып жатыр. Өйткені еліміз анимация саласында мақтана алмайды. Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отырған ауылдағы бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығып жатыр. Себебі, отандық анимация¬да тың ой, жаңашыл жаңалық жеткізуі жағы кемшін. Бұрынғы сүрлеумен жүріп, күрделі, философиялы туындылар ұсынады. Балалар мұндай туындыны қабылдай алмайды әрі қызықпайды", - деді депутат.

Ол Тамара Дүйсеноваға өз ұсыныстарын жолдады:

  • Үкімет ұлттық анимация өнімдерін субсидиялау көлемін арттыруы керек.
  • Елдегі мультипликатор маманын даярлайтын жоғары оқу орындары 2D анимациясы бойынша білім берумен шектелмей, 3D форматты игеруге басымдық беруі міндет.
  • Кәсіби сценарист пен талантты суретшілер және IT мамандар бірлесе жұмыс істеп, сапалы анимациялық өнімдер дайындауды жолға қою маңызды.
  • Қазір балалар тез қозғалатын, ары кетсе 10-15 секундта созылатын, өзінің дүниетанымы мен көзқарасына сай келетін, бояуы қанық дүниелерге қызығады. Ендеше жасөспірімдердің таным-түсінігіне сай қысқа метражды анимация өнімдерін көбейту маңызды.
  • Анимация саласын заманауи талаптарға сай дамыту үшін IT мамандарды тартып, идеологтар мен психологтар, керек болған жағдайда педагогтарды тартуды ойластыру өзекті. Олай болмаса, Disney сынды сапалы өнімдер түсіру мүмкін емес.
  • Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, отандық анимацияны дамытуда концепция дайындауы маңызды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!