Ұлытау облысында 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды

Ұлытау облысында жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасап.

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палатаның отырысында Ұлытау облысында 2022-2023 жылдары бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары қаралды.

Жаңа өңір Абай және Жетісу облыстарымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылғы мамырда экономикалық және мәдени дамуына жаңа серпін беру, сондай-ақ өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерін толық іске асыру мақсатында құрылды.

Ұлытаудың кірісі 2023 жылы 2,1 есеге артып, 169 млрд теңгеден асты, ал 2022 жылы кіріс шамамен 90 млрд теңге болған. Трансферттер мен субвенцияларды есептемегенде кіріс бөлігінің орындалуы бекітілген жоспардан 12,5 млрд теңгеге артты. Өз кірістерінің түсімдері облыстың жалпы кірістеріндегі үлесінің ұлғаюымен 3 есе өсті. Бұл орталықтан бюджеттік дербестікті қамтамасыз етудегі өңірдің елеулі экономикалық әлеуетін көрсетеді.

2022 жылғы 1 қаңтар – 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңді қамтыған мемлекеттік аудит жүйелік кемшіліктердің орын алғанын анықтады. Атап айтқанда, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді, әлеуметтік объектілерді және т.б. салу жобаларын іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне талдау жүргізілді.

«Облыс құрылған күннен бастап қордаланған өңірлік проблемаларды іс жүзінде шешу бойынша пәрменді шаралар қабылданбаған. Кешенді жоспарда қолда бар сумен жабдықтау, кәріз және су бұру желілерін жаңартуды не тозудың жоғары деңгейін төмендетуді талап ететін іс-шаралар қамтылмаған. Жаңа білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт объектілерін салу, сондай-ақ қолданыстағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу деңгейі төмен», — делінген аудиторлық қорытындыда.

Жезқазған және Сәтбаев қалаларын ауыз сумен жабдықтаудың негізгі көзі Кеңгір су қоймасын тазарту және ластаушы заттардың түсуін азайту бойынша тиімді шаралар қабылданбай отыр. Бұдан басқа, орталықтандырылған су бұру желілерінің едәуір тозғанына, ал жекелеген аудандарда олардың мүлде болмауына қарамастан, аудит жүргізілген кезеңде тиісті жұмыстар жоспарланбаған. Жаңа су бұру жүйелерін жобалау бойынша да шаралар көзделмеген.

Қазақстанның орталығында, алты облыспен ортақ шекарасы бар тиімді географиялық орналасуына қарамастан, жол желілерін дамыту тек  Қызылорда, Қарағанды және Қостанай облыстарына қарай бағытталған. 2022-2023 жылдары ұзындығы 47,5 км облыстық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау және салу бойынша 2 жобаны ғана іске асыру жоспарланған. Бұл алдағы жылдарда өңірдің сауда-көлік әлеуетін дамыту мүмкіндіктерін шектейді.

Облыста 7,8 мың балаға арналған 50 балабақша жұмыс істейді. 19 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым ғимараттарының тозуы 65%-дан асады, ал үшеуі 100% тозған. Орын жетіспеушілігі бола тұра, облыс әкімдігі Жезқазған мен Сәтбаевта әрқайсысы 320 орындық балабақшалардың құрылысын аяқтау үшін тиісті шаралар қабылдамаған. Құрылыс 14-17% қымбаттап, 4 жылдан 10 жылға дейін созылған.

Денсаулық сақтау саласында да, әсіресе ауылдық жерлерде осындай проблемалар бар. Мәселен, облыста 1950-2008 жылдары салынған 41 денсаулық сақтау объектісі жұмыс істейді. Оның ішінде 18 ғимараттың тозу деңгейі 60%-дан асады. Мемлекеттік нормативке сәйкес өңірде бірқатар көпсалалы және жоғары мамандандырылған облыстық орталықтар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары және медициналық оңалту ұйымдары болуы тиіс. Алайда аудит жүргізілген кезеңде аталған медициналық мекемелер құрылмаған. Бұл ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерін салу мерзімдері кешіктірілген.

Мәдениет және спорт саласында жаңа объектілерді салудың нормативтік мерзімдерінің асырылғандығы байқалады. Атап айтқанда, Жезді кентінде құны 396 млн теңгеден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені объектіні салудың нормативтік мерзімі 7 ай бола тұра, 2020 жылдан бері әлі салынуда. Атасу кентіндегі құны 906 млн теңгеден асатын сауықтыру кешені бойынша да жағдай сондай. Объект 2022 жылдан бері салынуда және нормативтік мерзімі 9 ай болса да, әлі аяқталмаған. Осы спорт объектілері бойынша 60 млн теңгеден астам сомаға орындалмаған және ЖСҚ-ға сәйкес келмейтін құрылыс жұмыстары қабылданған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 1,7 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 7,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану, 22,8 млрд теңгеге шығындар мен жіберіп алған пайда, сондай-ақ 12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды.

Жүйелік кемшіліктер мен шығыстарды жою үшін ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Ұлттық экономика, Көлік және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Ұлытау облысының әкіміне, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарының, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әкімдеріне, сондай-ақ өзге де ұйымдарға тиісті ұсынымдары мен тапсырмаларын берді.

«Аудит Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңадан құрылған облыстарда проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында жүргізілді. Бұл өңірлердің одан әрі дамуына көмек көрсету үшін қажет. Сондықтан әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар барлық орын алған кемшіліктерді жою үшін тиісті шаралар қабылдауы тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Отырыс барысында Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Сәтбаев қаласы әкімінің м.а. Алмат Саухимов, Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков және Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Ибраев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мен мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!