Екі баласын тұншықтырып өлтірді деген күдікті әйелге қатысты сот басталды

Екі баласын тұншықтырып өлтірді деген күдікті әйелге қатысты сот басталды
Фото: Almaty.tv

Түркістанда екі баласын тұншықтырып өлтірді деп күдікке ілінген қызылордалық келіншекке қатысты сот 21 мамырда басталды. Жұрттың жағасын ұстатқан қылмыс биыл ақпанда анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап. 

Жалдамалы пәтерлердің бірінен үш және төрт жастағы ұл мен қыздың мәйіті табылған болатын. Іле-шала оларды өлтірді деп өзге емес, балалардың өз анасы күдікке ілінді. Арада күн өтпей 30 жастағы әйел Шымкенттегі қонақ үйден ұсталған.

21 мамырда өткен сот отырысына марқұм балалардың әкесі жәбірленуші ретінде қатысты. Сот актісінде келіншек қылмысқа күйеуі көңіл бөлмегендіктен барды деп көрсетілген. Ондағы ақпарға сүйенсек, әйел қос перзентін ұйықтап жатқанда бірінен соң бірін дәлізге шығарып, тұншықтырған. Өзіне қол салмақ болып, кейін ойынан айнып қалады. Бұл тұста сотталушының адвокаты алдымен келіншектің психикалық ауытқуының бар-жоғына сараптама жасау қажет деп отыр.

"Жас баласын ешқандай ана өлтіруі мүмкін емес. Бұл - қоғамның алдында тұрған үлкен мәселе. Мұны бір емес, екі емес, бірнеше рет кешенді сараптамадан өтсе дұрыс деп түсінеміз. Жан-жақты сот психиатриялық сараптама тағайындауыңызды сұраймыз", – деді сотталушының қорғаушысы Айнагүл Рүстемова.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина