"Ұрып-соғып, пышақпен тілгіледі". Алматылық келіншекті азаматтық некедегі күйеуі азаптаған

Алматылық Бекзада Қоңқашева туған қызының тағдыры үшін араша сұрап, "Көреміз" бағдарламасына келді. Оның айтуынша, қызы Мадинаны азаматтық некедегі күйеуі сау тамтығын қалдырмай ұрып-соғып, мойны мен кеудесін пышақпен тілгілеген. Салдарынан әйел көп мөлшерде қан жоғалтып, ес-түссіз ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мадинаның айтуынша, некедегі күйеуімен 5 жыл бұрын кафеде танысқан.

"Әпкеммен тамақ ішуге кафеге кіргенбіз. Айбекпен сол жерде таныстым. Ол кезде Айбектің отбасы бар екенін білмедім. Біз сөйлесіп бастаған кезде әпкемнің жігіті "ол үйленген" деді. Өзінен сұрағанда, мойындамады. Кейін анықтама қағазды көрсетіп, ажырасқанын айтты. 1-2 жылдан соң отбасы бар екенін, ажыраспағанын білдім. Сөйтсем, әйелі пәтер алу үшін ажырасқанын айтты. Кейін заңды некеге қайта тұрған екен. Бастапқыда менімен, кейін әйелін, бала-шағасын алып келіп, бәріміз бірге тұрдық. Ол жиі ұратын. Одан қашам деп жоғары қабаттан секіріп, сегізкөзім мен отыртқам сынды. 21 күннен соң ауруханадан шығып, анамның үйіне бардым. Кейін Айбек кешірім сұрап, кездескісі келетінін айтты. Анама айтпай, өзім шығып кездестім. Сол кезде "менімен бірге тұрасың ба" деді, келістім. Сөйтіп үйіне апарды, бірге тұрдық", - деді ол.

Мадина ауруханаға ауыр жарақатпен түспес бұрын Қонаев қаласына Айбектің туған қарындасы күйеуімен, досы және бірінші әйелімен демалысқа барған.

"Сол кезде екеуміз жанжалдасып қалдық. Ол көкірегімнен ұрып жіберді. Кешірім сұрадым. "Мен сені тырнағандай, өзіңді тырна" деді. Әрі қарай есімде жоқ. Бәрі қасымызда болды. Үсті-басым қан-қан. Содан кейін ауруханада көзімді аштым. Оған дейін қызғанып, кез келген нәрсе үшін ұратын. Бес жылда үш рет полицияға шағым түсірдім, бірақ кері қайтарып алдым. Менің көзімше бірінші әйелі Аделяны, Аделяның көзінше мені ұратын", - деді ол.

Айбек Айдынұлы Нарынқол ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Аделя есімді бойжеткенмен танысып, заңды некеге тұрады. Ерлі-зайыптының үш ұл, үш қызы бар. Айбектің әкесі бұрынғы мемлекеттік қызметкер. Отбасылы ер-азамат үш жыл бұрын Мадинамен азаматтық некеде болған, бір қызы бар.

Айбек "Көреміз" тілшісіне телефон арқылы жауап беріп, Мадинаның психикалық ауытқуы бар екенін айтты. Алайда оның есепте тұрмайтыны анықталды.

"Әйелімнің ішінде пышақ іздері бар. Қолдары да тілінген. Ол қолындағы тіліктер көрінбес үшін қолына әдейі татуировка салған. Оны алмазбен өзі кескен. Оның психикалық ауытқуы бар. Оған тіпті бала тууға болмайды. Себебі бұл бала өмірі үшін қауіпті. Оның айтуынша, ол психикалық есепте тұр. Ішіндегі пышақ іздері қайдан пайда болғанын сұрағанымда, бірінші күйеуі Талғатпен тұрғанда "ішіп келіп, ағамды ұрды" деді. Сол кезде өзіне пышақ сұқпақ болған", - деді ол.

Заңгерлер бұл іспен алдағы уақытта айналысатынын айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!