"Мектептегі әлімжеттіктен оқушылар көз жұмып жатыр". Министр түсінік берді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан мектептерінде әлімжеттік жиілеп кетуіне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында министрге "Жақында Жамбыл облысында мектепте төбелес салдарынан оқушы көз жұмды. Сондай-ақ кеше Қызылорда облысында 10-сынып оқушылары 9-сыныптың оқушыларын ұрып, салдарынан бір бала өлді. Осы жағдайды сіз бақылауға алдыңыз ба? Осындай қайғылы жағдай болмас үшін 8-11 сынып оқушыларына Қылмыстық кодекстің нормаларын түсіндіру керек шығар? Себебі, биыл мектептерде әлімжеттік жиілеп кеткен сияқты" деген сұрақ қойылды.

Ғани Бейсенбаев бұл мәселе бойынша барлық өңірдегі әкімнің орынбасарларын жинап, шұғыл жиналыс өткізгенін атап өтті.

"Біз барлық мәселені ашық талқылап, өңірдегі әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Былтыр тамыздың соңында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан балалардың құқығын қорғау үшін кешенді бағдарлама Үкіметтің қауласымен қабылданды. Осыған байланысты әлемдегі тәжірибені зерттеп, буллингке қарсы ең тиімді ретінде жоба финдік жүйені және "Дос болайық" жобасын қарастырдық", - деді министр.

Ол Қызылорда облысындағы болған қайғылы жағдайға тоқталды.

"Кеше бірден әкімнің орынбасарына тікелей телефон арқылы хабарласып, болған жағдайға қатысты қандай шараның қолданып жатқанын сұрадым. Тек бір мектепке қатысты емес, аймақтағы (басқа мектептерге) нақты қандай шаралар қолданылатыны туралы біз жарты сағаттай әңгімелестік. Мұндай жұмыстар Павлодар және Жамбыл облысындағы әкімдіктерменен де арнайы кешенді жоспар құру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр...", - деді ведомство басшысы.

Журналист "Сіздер полицейлерді ертіп, Қазақстандағы мектептерде 9-11 сынып оқушыларына Қылмыстық кодекстің нормаларын түсіндіресіз бе? Мысалы, егер мектепте осындай әлімжеттік болса, Құдай сақтасын, оқушы өліп қалса, осындай заңда нормалар бар, сіздер (оқушылар) заң алдында осылай жауап бересіздер, ойланыңдар, осындай заң бұзуға бармаңдар" деп түсіндіру жұмысын жүргізесіздер ме? Ұсынысты қабыл аласыз ба?" деп сұрағын нақтылады.

Оқу-ағарту министрі еліміздегі барлық білім ордасында осындай жұмыс жүргізілетінін атап өтті.

"Өте дұрыс. Осындай ұсыныс бұрыннан енгізілген. Бұл жұмыс сынып жетекшілері, мұғалімдер атқарып келді. Биылдан бастап Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігінің мамандары осы құқықтық заңдарды дұрыс пайдалануға, сауаттандыруға қатысты жұмысты бастап кетті. Бұдан бөлек, барлық мектепте 111 сенім телефоны жұмыс істейді. Оған кез келген бала хабарласа алады. Олар осындай жағдайды айтып, тиісті шағымын жасай алады", - деді Ғани Бейсембаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!