"Енді қазақ тілін білмегендерге азаматтық берілмейді". ІІМ заңды түсіндірді

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев өткен аптада президент қол қойған "Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның нормаларын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген заң аясында Қазақстанның 7 Кодексіне және 13 заңына өзгерістер енгізілген.

Заң аясында педофилдер мен террористерге елімізге кіруге тыйым салынады:

  • Балаларға қатысты бұрын жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған иммигранттарға тұрақты тұруға және Қазақстан азаматтығын алуға рұқсат беруден бас тарту;
  • Шетелдіктердің экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар екені туралы мәліметтер болса, елге кіруге тыйым салынады
  • Ұйымдасқан топтардың көшбасшылары саналатын, ауыр қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

Сонымен қатар "Халықтың көші-қоны туралы" заңда жаңа баптар енгізілді. Оларға сәйкес шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды және жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітілді.

"Бұл көші-қонды бақылаудың тиімділігін арттырып, жүйелі түрде жасалатын және жасырын құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Отбасымен қауышу институтын нығайту үшін енді Қазақстанға келуге визаны рәсімдеу кезінде отбасы мүшелерін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатынын не шақырушы тарап, не шақырылған адам растауы қажет. Бұрын бұл талап тек шақырушы адамға қатысты болатын.
Қазақстанды халықаралық еңбек нарығына интеграциялау, қазақстандық эмигранттарды, яғни білікті мамандарды қайтару үшін виза санаттары кеңейтілді. Олар қажетті кәсіптер мен дағдылар тізбесіне қарай беріледі", - деді ресми өкіл.

"Азаматтық туралы" заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері енгізіліп нақтыланған. Енді қазақ тілін білмеген адамдарға Қазақстан азаматтығы берілмейді.

"Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажет деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет", - деді Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілген.

"Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспорттарын пайдаланған жағдайда еліміздің азаматтығы тоқтатылады", - деді ол.

Бұдан басқа, қылмыстық-атқару жүйесі бойынша заңнамаға түзетулер енгізілген.

"Мысалы, пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау камераларын қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сотталғандар өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында бейнебақылау камераларын қасақана істен шығарады. Соңғы уақытта мұндай фактілер көбейген. Сондықтан Қылмыстық кодекске "Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру" деген 428-1-бап енгізіледі. Бұл жауапкершілік сотталғандарға да, ҚАЖ қызметкерлеріне де қатысты болады", - деді ІІМ ресми өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!