Ерлі-зайыптының бір тарапы ажырасуға келіспей жүр. Не істеуге болады?

Ерлі-зайыптының бір тарапы ажырасуға келіспей жүр. Не істеуге болады?
Фото: pixabay.com

Қазақ отбасында ажырасу үйреншікті жағдайға айналып келе жатыр. Бұған дәлел Қазақстанның ажырасу көрсеткіші, яғни ол 2024 жылдың басында 1000 адамға шаққанда 4,6-ға тең болды. Ерлі-зайыптының ажырасуына түрлі жағжай, себеп түрткі болады. Әдетте ажырасу туралы шешімді ерлі-зайыпты бірдей қолдаса, кейде бір тарап қарсы шығып жатады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева Massaget.kz тілшісіне ажырасу процесінің көпшілік білмейтін тұстарын түсіндірді.

Ажырасу үшін қайда жүгіну керек?

Қазақстанда ажырасудың екі әдісі белгіленген. Біріншісі - АХАЖ, екіншісі - сот арқылы.

Ерлі-зайыптылар мына жағдайда АХАЖ арқылы ажыраса алады: 

  • ерлі-зайыптының екеуі де ажырасуға келіседі;
  • ерлі-зайыптының некеде туылған немесе асырап алынған кәмелетке толмаған балалары жоқ;
  • ерлі-зайыптының бір-біріне мүліктік және басқа да талаптары жоқ;
  • егер ерлі-зайыптыны бірі қылмыс жасағаны үшін 3 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылса, некені бұзуды АХАЖ бөлімі арқылы рәсімдеуге болады.

Ажырасу сотта ресімделеді, егер:

  • ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған балалары бар;
  • ерлі-зайыптының бірі ажырасуға келісім бермесе;
  • ерлі-зайыптының арасында мүліктік және басқа да шағымдар бар;
  • егер ерлі-зайыптының бірі, оның қарсы емесіне қарамастан, өзінің іс-әрекетімен немесе әрекетсіздігімен некені бұзудан жалтарса. 

"Сот арқылы ажырасқысы келетін ерлі-зайыпты сотқа жазбаша түрде жолдама жіберуі шарт. Егер жолдама болмаса, сот ажырасушыларды қабылдамайды. Жоғарғы сот тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Көбінесе халық түсінбей, бәрін сотқа жібере береді. Яғни кейбір ерекшеліктердің барын білмейді, сондықтан бұл тақырыптың көтерілгені дұрыс. Қазіргі кезде Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ашылған, Отбасылық сот деп те аталады. Отбасылық жағдаймен толық осы сот айналысады. Ал аудандық сот тек балалар кәмелеттік жасқа толмаған жағдайда істі қарайды", - деп түсіндірді судья.

Ерлі-зайыптының бірі ажырасуға қарсы болса, не істеу керек?

Ерлі-зайыптының бірі ажырасудан бас тартуы сотқа жүгінуге негіз бола алады. Сондай-ақ, судья заң бойынша татуласу үшін 6 айға дейін уақыт берілетінін жеткізді.

"Тараптардың бірі ажырасуға келіспеу арқылы тек уақыт соза алады. Екінші тарап ажырасу туралы талабынан қайтпайтын болса, неке түбі бұзылады. Судья ойлануға уақыт бергенде кейбір арыз жазушылар "судья сатылған, ажыраспай қалатын болдым" деп уайымдап жатады. Бірақ егер екінші жақ татуласу үшін уақыт сұраса, сот Қазақстан заңына сәйкес ол уақытты беруге міндетті. Дегенмен сот мүмкіндігінше оларды татуластыруға тырысады, өйткені кейбір жағдайда тараптар эмоцияға беріліп кетеді. Бүгін ашуланып, сотқа арыз жазады, ал бір немесе екі ай өткеннен кейін шешімін өзгертеді. Кейде неке қию туралы куәліктің түпнұсқасын сотқа өткізіп, ол жоғалып та жатады. Осындай жағдайлар болмасын деп біз ерлі-зайыптылар татуласуы үшін уақыт береміз", - деді судья.

Маман өзі жүргізген істің бірін бөлісті.

"2014 жылы тамызда бес баласы бар әйел ажырасуға арыз берді, оларда ерлі-зайыптының екі тарапы да ажырасуға нақты бел буған. Мен сот ретінде олардың бұл шешіміне қарамастан, татуласу үшін 3 ай мерзім бердім. Өйткені екі ортада балалардың тағдыры тұр. Содан олар желтоқсанда татуласқандарын айтып, арызды қайтып алды. Соттың мақсаты ажырастыру емес - отбасыны сақтап қалу.

Сондықтан қазіргі кезде ажырасу туралы талап-арыздарды отбасылық сотқа беру дұрыс деп ойлаймын. Себебі, ол соттың судьялары арнайы оқудан өтеді, олардың штаттарында психолог бар. Олардың көзқарастары кішкене басқаша. Аудандық сот қызметкерлер басқа істермен бос болмайды, содан олар ажырасуға аса мән беріп қарамайды. Кейбір судьялар осы іс арқылы балалардың өмірі, тағдыры шешілетінін ойламайды", - деді ол.

Сот қандай сұрақтарды қарастырып, қандай мәселені шешуге қауқарлы?

"Ерлі-зайыптылар ажырасу туралы талап-арыз берген кезде сот міндетті түрде алимент бойынша мәлімет сұратады. Алименттің өндіріліп-өндірілмегенін анықталады. Егер алимент өндірілмесе, талап-арыз жоқ болса да, сот ажырасу туралы істің шеңберінде алиментке қатысты мәселені шешуге құқылы. Бұл туралы нормативтік қаулы бар. Оған қоса, сот талап-арыздың бар-жоғына қарамай, мүлікті бөлу мәселесін де шеше алады", - деді ол.  

Оған қоса, кез келген тарап соттан келесі мәселелер бойынша шешім қабылдауды сұрай алады:

  • неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалардың ата-ананың қайсысымен бірге тұратынын анықтауды;
  • ата-ананың қайсысы және балаларды асырауға қандай мөлшерде алимент төлейтінін анықтауды;
  • кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін және/немесе ерлі-зайыптының мүдделерін ескере отырып, бірлескен меншіктегі мүлікті бөлуді жүргізуді;
  • ата-ананың балалармен қарым-қатынас тәртібін анықтауды.
Қандай кезде ерлі-зайыптының ажырасуына рұқсат берілмейді?

Қазақстан заңы балалар мен босанған әйелдердің құқықтарын қорғайды. Осыған байланысты, әйелдің жүктілігі кезінде және бала туғаннан бір жыл уақытқа дейін әйелінің келісімінсіз некені бұзу туралы күйеудің талабын қанағаттандыруға болмайды. Бірақ, аталған шектеу бала өлі туған немесе бір жылға жетпей шетінеп кеткен жағдайларға жатпайды. Ал осы аталған екі жағдайда судья талапты қабылдамауы қажет.

Егер әйел ажырасуға қарсылық білдірсе, онда сот жұбайының осы кезеңде баланы және жұбайын күтіп-бағуға төлеуге міндетті алимент мөлшерін анықтайды. Ал жұбайына сотқа тиісті өтініш беру қажет болады. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Синтаксистің стилистикалық қызметі. Реферат

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә