"200-ден аса қуыршақ жиналған". Шымкент тұрғыны ерекше хоббиі туралы айтты

Шымкент тұрғыны Паулина Бренер әр ұлттың киімін киген қуыршақ жинаумен айналысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап. 

Қоллекциясында 200-ден астам ойыншық бар. 20 жылдан бері ерекше кәсіпті ермегіне айналдырған зейнеткермен аймақтағы әріптесім тілдесіп қайтты. Паулина Бренердің қуыршақ жинауға деген қызығушылығы Нидерландыға  сапарынан басталды. Сол кезде сатып алынған қос қуыршақтың қатары толығып, тұтас коллекцияға айналды. Пәтерінде әлем халықтарының дәстүрі мен мәдениетін насихаттайтын 200-ден астам ойыншық бар. Оның айтуынша, кәдесыйлар көңілге қуаныш сыйлайды.

"Қараңызшы, қуыршақтардың жүзінде түрлі эмоция байқалады. Бірі күлімсіреп, енді бірі жабырқаулы сияқты. Олардың энергетикасы мені мейірімге бөлейді. Қуыршақтарды қызықтауға келген балалардың шат-шадыман болған көңіл күйін көріп, өзімді жақсылық жасағандай сезінемін. Сондықтан олар өмірімнің бір бөлшегіне айналды", - дейді қала тұрғыны Паулина Бренер.

Өмірін қолданбалы өнермен байланыстырған зейнеткер қазір 85 жаста. Коллекциясындағы қуыршақтың көбі пластмасса мен фарфордан жасалынған. Өткен ғасырдан жеткен қуыршақтардың киімін жуып-тазалып, күтіп ұстайды.

"Халықтар достастығы бір шаңырақ астында дерсіз. Бәрін ерекше жақсы көремін. Мынау қазақ халқының мәдениетінен сыр шертетін қуыршақ та сондай сүйкімді. Ұлттық нақыштағы киімі сапалы тігіліп, ерекше оюлармен өрнектелген", - дейді қала тұрғыны Паулина Бренер.

Педагог Паулина Бренер зейнет жасында болса да, әлі күнге дейін шәкірттерімен тығыз байланыста. Әлемнің әр түкпірінде жұмыс істеп жүрген олар ұстазына кәдесый жіберіп, коллекциясын толықтырып отырады. 

"Мұнда костюм киінген қуаршақтардың саны өте көп. Бұл үлкен еңбек пен асқан ыждағаттылықтың арқасында жиналғанын жақсы білеміз. Топтамаға таңданбасқа болмайды. Сол үшін Паулина Михайловнаға алғасымызды білдіреміз", - дейді қала тұрғыны Эльвира Нұрмаханова.

Коллекциянер үшін бұл қуыршақтар өте бағалы. Сондықтан оларды сыйға тартқаннан гөрі көрмеге қойып, көпке таныстырғанды жақсы көреді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!